- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы марафонының жеңімпаздары...
Алматы марафонының жеңімпаздары марапатталды
Бүгін Алматыда өткен қайырымдылық марафонының 42, 21 километр қашықтықта жүгіргендер мен экиден эстафетасына қатысқандар арасында үздік нәтиже көрсеткендер марапатталды. Айта кетерлігі, бұл шараға қатысу үшін шетелден келген қонақтар да жеңімпаздар қатарынан көрінді.
42 километр қашықтықты 3 сағат 29 минут 11 секундта жүгіріп өткен Владимир Кривушкин 60 жастан асқан ерлер арасында бірінші орынға ие болды. Осы санаттағы екінші орын Марат Балтабаевқа (03:55:17), үшінші орын Салтанат Түйтебаевқа (04:06:53) бұйырды. Ал 60 жастан асқан әйелдер арасында 5 сағат 15 минут 29 секунд көрсеткішімен Людмила Седова үздік атанса, екінші орынды Амегульсин Мирошниченко (06:10:41) алды.
50-59 жас аралығындағы ерлер арасында Байзақталапнұр Сағындықұлы (03:10:36) бірінші, Майкл Фун (03:11:05) екінші және Андрей Савиных (03:13:38) үшінші болып мәреге жетті. Дәл осы санаттағы әйелдердің ішінен Толғанай Шаева (03:58:44) үздік нәтиже көрсетсе, Любовь Асанова (04:30:28) екінші, Йен Нгуен (05:15:10) үшін орыннан көрінді.
40-49 жас аралығындағы ерлер арасында Сергей Яковлев (02:52:20) мәре сызығына бірінші болып келді. Одан бірнеше минутқа қалып қойған Иван Колесников (02:53:59) екінші, ал Нуратдин Юсупов (03:07:49) үшінші орынды қанағат тұтты. Ал әйелдер арасында Дулат Иманқызы (03:38:20) үздік атанып, Нағима Керімбаева (03:42:41) мен Маргаритеа Трифонова (04:08:18) екінші және үшінші орындарға жайғасты.
30-39 жас аралығындағы ерлер арасында Ильдар Халиуллин (02:54:30) жеңімпаз атанды. Оның артынан келген Әскер Қожанов (03:04:04) екінші, Бақыт Момыналиев (03:04:08) үшінші орын алды. Ал 30-39 жас аралығындағы әйелдер арасында "алтын" жүлде Катрин Симпсонға (03:23:03) бұйырса, "күміс" пен "қолаға" Екатерина Шатной (03:29:15) мен Олеся Шиленко (04:28:48) ие болды.
Сондай-ақ 25-29 жас аралығындағы қатысушылардың жеңімпаздары да марапатқа ие болды. Бұл санатта ерлер арасында Айдын Қасен мәре сызығына 2 сағат 42 минут 58 секунд уақытта жетіп, бірінші орынды иемденді. Ал екінші орын Әмір Байтұқановқа (02:50:04), үшінші орын Матей Кафникке (03:09:59) бұйырды. Қыздар арасында Айзада Тыналиева (03:45:39) үздік атанса, Дженнифер Сид (03:55:31) пен Диана Мергенбаева (04:06:43) екінші және үшінші орындарға жайғасты.
18-24 жас аралығындағы ерлер арасында Ержан Жанарыстанов (02:54:20) жеңімпаз атанды. Оның артынан келген Абай Абдулазизов (03:12:48) екінші, Нұрлан Ақмахан (03:16:03) үшінші орын алды. Осы санаттағы қыздар арасында ең үздік нәтижені Гүлжанат Жанатбек (02:56:06) көрсетсе, Алена Уварова (03:52:01) мен Екатерина Храмова (04:28:28) екінші және үшінші орындарға ие болды.
21 километр қашықтықта ерлер арасында мәреге бірінші болып Юрий Егер (01:14:54) жетті. Одан аз ғана уақытқа кеш келген Александр Сысоев (01:15:35) екінші, Арман Нұркелді (01:15:43) үшінші орынды қанағат етті. Осы қашықтықта әйелдер арасындағы бірінші орын Жанна Мамажановаға (01:20:18), ал екінші және үшінші орындар Наргиза Игілікова (01:36:14) мен Алиса Рогожинаға (01:38:03) тиесілі.
Сонымен қатар, экиден эстафетасының нәтижелері де шықты. Бұл жерде AlmatyBroTeam (02:20:27) командасының бағы жанып, бірінші орынға ие болды. Олардан 7 секундқа қалыс қалған AlmatyBroTeam (02:20:27) екінші орынға, ал "Батыр" президенттік полкі" (02:45:58) үшінші орынға жайғасты.
Естеріңізге сала кетейік, "Алматы марафоны" спорттық шарасы жылда сәуір айының соңғы жексенбісінде Алматы қаласында ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты және қайырымдылықты дамыту болып табылады. Бесінші рет ұйымдастырылған бұл шараға биыл 30 мыңнан астам адам қатысты. Қатысушылар арасында Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров, Ольга Шишигина, сондай-ақ Қазақстан шоу-бизнесінің әртістері Диас Аблаев, Аружан Жазылбекова, Нұртас Адамбаев, Қайрат Нұртас, Әбдікәрім Кәрімов, Ермек Меденовтер де болды.