- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы маңындағы автобустар...
Алматы маңындағы автобустар "зираты": қоғамдық көліктер жағдайы не болмақ?
Алматы әкімдігі өкілдері қала маңында орналасқан автобустар "зиратындағы" көлік құралдары туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
VIII шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихатының VII сессиясы барысында Алматыда қоғамдық көлікте жүру ақысын көтеру мәселесін талқылау барысында депутат Тимур Елеусізов автобустар "зиратын" еске алды. Ол биыл бюджет қаржысына сатып алу жоспарланған 600 автобус пен 100 троллейбусты алудың не керегі бар екенін сұрады. Оның орнына қолда бар автобустарға қосалқы бөлшектерді сатып алып, жөндеуге болатыны туралы айтты.
"Бұл тұрақта 823 автобус бар, оның 651-і бұрын басқарманың сенімхаты бойынша Green Bus Company ЖШС-да жұмыс істеп келген. Бұл автобустар 2012-2013 жылдар аралығында шығарылған. Бүгінде қатты тозғандықтан оларды қалпына келтіру мүмкін емес. Алматы облысының теңгеріміне 157 автобус берілді және ұзындығы 18 метрлік ЛиАЗ маркалы 15 дана автобус қоймада тұр, оларға қосалқы бөлшектер сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.
Еске салайық, бұған дейін алматылық бір жыл бұрын Алматы қаласының бағыттарына қатынаған жүздеген автобусты видеоға түсіріп алған болатын.
Кейін Алматы облысының әкімдігі Алматы маңындағы автобустар "зираты" қалай пайда болғанын айтып берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан