Алматы облысы Талғар ауданындағы тұрғын үй кешені маңында ер адам аяусыз соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған. Кадрларды зерделеген полицейлер видеодағы адамдарды іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған видеода үш адам жерде жатқан ер адамды ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Жәбірленуші орнынан тұруға тырысады, бірақ шабуылдаушылардың соққысынан кейін қайтадан құлап кетеді. Күдіктілер жәбірленушінің басынан жұдырықпен ұрып, тепкілейді.
Алматы облысы Полиция департаменті мәліметінше, видео 27 сәуірде Бесағаш ауылында түсірілген.
"Полицияға азаматтардан арыз-шағым түскен жоқ. Бұл жайт әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталды. Оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Олар ұсталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады", - деді ПД баспасөз қызметі өкілі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова