- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы күніне орай...
Алматы күніне орай «Apple Fest» фестивалі өтті
Бүгін Алматы күніне орай ҚР Тұңғыш Президенті саябағында дәстүрлі «Apple Fest» фестивалі өтті,- деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Apple Fest» фестиваліне қала әкімі Бауыржан Байбек арнайы ат басын бұрып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Мерекені жақсы көрсеткіштермен қарсы алып жатқандығын жеткізіп, қаланың жылдан-жылға өркендеп дамып келе жатқанын айта кетті.
- Біз қаламыздың қалай көркейіп келе жатқанын көзімізбен көріп жүрміз. Мектеп, аурухана, балабақшалар мен көшелер салынып, қаланың инфраструктурасы дамып келеді. Еліміздегі мәдениет, білім және спорт орталығына айналған қаламызбен мақтанамыз. Мұның барлығы бірлесе жасаған жұмыстың арқасы деп білемін. Алматылықтарды өте еңбекқор халық деп есептеймін. Алдағы уақытта да қаламыз бұдан да көркейе түседі деп білемін. Сондықтан да қаланың дамуына бірлесе атсалысайық. Біз сіздермен бірге, Елбасымен бірге бар белестерді бағындыра аламыз, - деді Бауыржан Байбек.
Қала әкімі дәстүрлі «Apple Fest» фестивалінің биыл осы саябақта өткен жылдарға қарағанда кең көлемде аталып жатқандығын айтып, фестивальдің жұртшылық көңілінен шығуына тілектестік білдірді.
«Apple Fest» фестивалі одан әрі саябақ ішінде жалғасын тапты. Фестивальге байланысты саябақ 10 интерактивті алаңға бөлінді. Олар: Apple ETHNO, APPLE ART, APPLE FAMILY, APPLE MUSIC, APPIE DANCE, APPLE ДРАЙВ, APPLE Karaoke, Apple Bazar т.б алаңдары. Әр алаңда алдына ала жоспарланғандай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
2015 жылғы «Apple Fest» фестиваліне 100 тоннадан астам алма жеткізілді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда екі есе көп. 33 шаруа қожалығының алмаларын сатып алуға халық ұзын-сонар кезекке де тұрды. Сондай-ақ концерттік бағдарламалар мен түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылды.
Қала күнін тойлау «Сұңқар» халықаралық трамплин кешеніндегі «ЕМА-2015» мерекелік шарасынан кейінгі отшашумен аяқталады. Отшашу Астана уақытымен 22:50-де басталып, 23:00-ге дейін жалғасады.
Алматы халқы мен қонақтарды қала күні мерекесімен құттықтаймыз!
О. Сансызбай