- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы-Қонаев тас жолында...
Алматы-Қонаев тас жолында төрт индустриалды аудан бой көтереді
Алматы мен Қонаев қалаларын жалғап жатқан автомагистральдің бойында инновациялық-индустриалды өнеркәсіп нысандарын дамытуға арналған заманауи төрт аудан бой көтереді. Gate District, Green District Golden District және Growing District аудандары G4 City жобасы аясында салынбақ.
Бұл жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Белгілі болғандай, әр индустриалды аймақ әр кластерді дамытуға негізделмек. Мәселен, Golden District ауданы білім беру және медициналық кластерді дамытушы аймақ болса, Gate Distrtict ауданы қаржылық-іскерлік кластерінің өнеркәсіптері шоғырланады. Ал Growing District ауданы экспортқа бейімделген инновациялық-индустриялық және сауда-логистика өнеркәсіп нысандарын дамытуға негізделіп салынбақ. Green District ауданы мәдениет пен демалыс кластері түрінде дамитын аймақ болмақ: мұнда курорт кешені мен арнаулы парк, гемблинг индустрия объектілері салынады.
Алматы облысы әкімдігінің дерегінше, бас жоспардың тұжырымдамасына сәйкес, G4 City аймағы – ірі индустриалды-экономикалық аймақ түрінде дамымақ. 2,2 миллион халық мекендейтін қала ретінде салынады. Өзінің халықаралық әуежайы салынып, шетелдік инвесторларды тартуға арналған экономикалық аймақтар бой көтереді.
Бұдан бөлек, G4 City қаласында облыс халқын баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй кешендері де салынбақ. Мемлекет басшысы индустриалды аймақтың әлеуметтік жағын да қарастыруда тапсырды. Бұл жағынан заманауи сити интеграцияланған қала түрінде де дамитынын көрсетеді.
Қ. Слямбек