Алматы - Қаскелең тасжолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
"Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан Алматы - Қаскелең жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажет техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, яғни 20 шілдеде бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуға тиіс", - деп тапсырды Олжас Бектенов.
Премьер-министр жоба құны бекітілгенін мәлімдеді.
"Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет", - деді Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі жол учаскесінің 8 шақырымдық бөлігін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасын ұсынды. Жобаны қаржыландыру Қазақстанның Даму банкі арқылы жүзеге асырылады.
Екі жолайрық пен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске күн сайын 300 мың көлік кіреді. Қала ішіндегі көліктерді қосқанда, жалпы 1 миллионнан асады.
Айта кетейік, Алматы - Қаскелең тасжолы - Алматы агломерациясындағы ең қарқынды қозғалыс учаскелерінің бірі. Бұл жолдағы қозғалыс қарқыны тәулігіне шамамен 60 мың көлікке жетеді.
Сондай-ақ, Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы туралы баяндалды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол салу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бұл жоба Алматы - Қаскелең тасжолына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысында жер мәселелерін шешу жұмыстары соңғы сатыда тұр. Сонымен қатар, Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды. Алматы - Есік және Алматы - Талғар бағыттарындағы жобалар қаралды. Сондай-ақ, рельсті көлікті және Алматы метрополитенін дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов Алматы агломерациясының көлік байланысы мәселелерін кешенді шешу бойынша бірқатар тапсырма берді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова