- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы-Қапшағай бағытындағы ақылы...
Алматы-Қапшағай бағытындағы ақылы жол көлік жүргізушілерін азапқа салды
Демалыс күндері көлден қайтқан көліктерді терминал тежейді. Ал терминал "Қазавтожол" ұлттық компаниясының меншігінде. Жалпы бұл - жыл сайын жаз айларында қайталанып тұратын жағдай. Терминал жұмысына қатысты көлік жүргізушілері қанша рет сын айтқанымен, нәтиже жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы-Өскемен республикалық күре жол. Ақылы жол арқылы сапарға шыққандар Алматыдан Қапшағайға, Балқаш пен Алакөлге барады. Жол бойында төлем терминалы бар. Демалыс күндері кешкісін жолда жүйіткіп келген көліктер терминалға келіп тежеледі. Көлік нөпірінің көптігінен кейде кептеліс болады.
Саламат Сабыр
Терминалда жеңіл көлік тізгіндегендер 100 теңге төлесе, жүк көліктерінен 400 теңге ақы алынады. Төлемді алдын ала жасап қойғандар көп бөгелмей, кезек күтпей өтуіне болады. Жүргізушілер айтуынша, ақшаны қолма-қол төлеушілер уақыт ұстайды, кейде терминалдың өзі ұзақ ойланады. Сондай сәтте ұзын сонар кептеліс болады.
"Бұл жерде кептеліс ұзаққа созылады. Терминал істен шыға ма, әлде адамдардың өзі ақша төлей алмай әбігер бола ма түсініксіз. Меніңше, ақыны алдын ала төлеп тастаса, осындай проблема болмас еді. Кейді жарты сағат кептелісте тұруға тура келеді. Бұлай болмайды ғой", - дейді қала тұрғыны Оксана Филипова.
Саламат Сабыр
Ал көлік жүргізуші Серікбек Есеновтың сөзінше, кептеліс тек сенбі-жексенбі күндері болады.
"Қапшағайдан адам көп қайтады. Өзіміз де сол жақтан келе жатырмыз. Егер шлагбаумды ашып тастаса тіпті тамаша болар еді. Онлайн төлемге ауыстыру керек. Терминалдың болмағаны дұрыс", - деді ол.
Жұмыс күндері терминал арқылы 20 мың көлік өтеді. Ал демалыс күндері көлік саны 40 мыңға жетеді екен. Өйткені басым бөлігі - Қапшағайдан үйлеріне қайтқан демалушылар. Бір мезгілде жолға шыққан соң кептеліс болатыны анық. Осы жағдайға байланысты "Қазавтожол" Ұлттық компаниясының өкілдерінен де жауап алдық.
"Сондай жағдай болып тұр. Бізде жол пайдаланушылары шлагбаум алдына келген кезде ғана өздерінің қарыздарын көріп, сол жерде төлем жасап, тұрып қалады. Сол үшін арттағы көліктерді ұстап қалады. Негізі болашақта төлем жүйесін реттейміз. Ол жерде терминал болмайды", - деді компанияның ақылы жолдар дирекциясы бөлімі басшысының орынбасапы Мерей Шахарбаев.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек