Алматы қаласының шеткі аудандарында екі метробекет ашылды

Алматы қаласының шеткі аудандарында екі метробекет ашылды
Фото: Алихан Сариев

30 мамыр күні Алматы қаласында көптен күткен метро станциялардың салтанатты ашылуы болды. Бүгіннен бастап Алматының шеткері аудандарымен орталықпен қосқан "Бауыржан Момышұлы" және "Сарыарқа" метро станциялары іске қосылды.

Алматы метрополитеніне тағы 3,1 шақырым ұзарып, 13,4 шақырымға жетті. Бұған дейін 7 станция болса, енді 9 станцияға жетті.

Ашылып жатқан жаңа метробекеттердің маңызы зор. Өйткені Алматы қаласы әкімінің айтуынша, бұлар – қаланың шеткері жатқан аудандарын орталықпен жалғайды. Әрі метромен жүретін тұрғындардың саны екі есеге жуық көбеймек.

"Бүгін, міне, біздің мегаполис үшін көптен күткен қуанышты оқиға. Метрополитен құрылысшылары мен қызметкерлері, сіздер жергілікті жердің күрделі әрі қиын тау-геологиялық және сейсмикалық жағдайларына қарамай жақсы жұмыс істедіңіздер. Мен бұны біздің қаламыз бен тұрғындарымыз үшін өте маңызды оқиға деп санаймын. Мәселе 45 мыңнан 85 мыңға дейін ұлғаятын жолаушылар легінде ғана емес, қаланың әлдеқайда жайлы болатынында, бәрімізді алаңдатып отырған трафиктің дұрыс шешім табатынында", - деді метро станцияларының ашылу салтанатында қала әкімі Ерболат Досаев.

Сөз барысында шаһар басшысы метрополитеннің одан әрі ұзарып, 2025 жылы "Қалқаман" шағын ауданында бір метробекет, одан кейін "Барлық" базары маңында тағы бір бекеттің ашылатынын тілге тиек етті.

"Сарыарқа" – бұрын ашылған қиылысындағы "Мәскеу" бекетінен кейінгі станция. Одан кейін "Бауыржан Момышұлы" бекеті. "Мәскеу" бекеті Абай даңғылының Алтынсарин даңғылымен қиылысында болса, "Сарыарқа" Сайын көшесімен қиылысқан жерде. Ал жаңа екінші бекет аты айтып тұрғандай Бауыржан Момышұлы көшесінің шығысында ашылды.   

Салтанатты шараға Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова да келді.

"Атамыз өмірден кеткеніне 40 жыл болды. Бірақ есімі әлі күнге дейін ел жадында. Халық атамызды ардақтап, құрметтеп, аспандатып, атын көше мен мектептерге беріп жатыр. Бүгінгі шара да – соның белгісі. Бір нәрсеге мен таңғалып жатырмын. Мына Алматыда метро ашылғаннан бері мен әлі бір де бір рет осында келмеппін. Атамның атына бергенде келдім", – дейді Зейнеп Ахметова.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметіне сенсек, жаңадан ашылған метробекеттің арқасында тағы 200 жұмыс орны ашылған екен.

 

 

 

 

Қ. Слямбек