- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы қаласының 1000...
Алматы қаласының 1000 жылдығына орай көрме өтеді
2016 жылы 5 тамызда сағат 21.00 ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтеді. Алматы қаласы әкімдігі, ҚР Мемлекеттік орталық музейі бастамасымен өтетін шара ЮНЕСКО-ның халықаралық күнтізбесіне енгізілген.
Археологиялық зерттеулердің, жазба және нумизматикалық деректердің негізінде Алматы тарихы Х-XI ғасырлардан бастау алатындығы ғылыми дәлелденген. Алматы қаласының 1000 жылдығын тойлау ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясы шешімімен 2016 жылға арналған мерейтойлық және алаулы күндерінің Күнтізбесіне ресми түрде енгізілді.
Бұл тарихи оқиға отандық және шетелдік аудиторияда Алматының заманауи мегаполис, ірі мәдени, қаржы-экономикалық және туристік орталық ретінде сақталуына ықпал етеді.
Көрменің мақсаты – Алматының ежелгі, сонау – қола дәуірі, ерте темір, орта ғасырлар, XIX ғасырдан, яғни Верный аталғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу, даму, өркендеу жолын көрсету. Өткені мен бүгінін саралай отырып, көрерменнің болашақты бағамдауына жағдай жасау.
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қомақты қор коллекциясы негізінде ашылып отырған бұл көрме Алматы қаласының көне заманнан бүгінге дейінгі қалыптасу, дамуымен байланысты экономикалық, саяси және этномәдени үдерісіндегі тарихи мәнді оқиғаларды толық ашып көрсетеді деуге болады. Шара аясында ҚР Мемлекеттік орталық музейі ғимаратын сәулеттік жарықтандыру қосылатын болады.
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің барлық залдары келушілерге сағат 24.00-ге дейін тегін түрде жұмыс жасайтын болады.
Өтетін орны: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Алматы қаласы, Самал-1, ықш. ауд., 44 үй.
Байланыс телефондары: +7(727) 2 272 11 09, 271 65 24, 8 7788598895.
Г. Берік