"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша өтініштерді қарау аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өтініштер 1-15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы қабылданды, барлығы 5 363 өтініш түскен.
Әкімдік мәліметінше, құжаттарды қарау барысында кейбір қатысушылар өтініш беру кезінде қызмет саласын қате көрсеткені анықталған. Бұл техникалық сипаттағы қате болғандықтан, олардың бағдарламаға қатысуына кедергі келтірмеген.
"Құжаттарды тексеру нәтижесінде 3 968 өтініш мақұлданды. Биыл бағдарлама аясында кемінде 1 650 тұрғын үй несиесін беру жоспарланған. Дәл осы мөлшердегі қатысушылар төлем қабілетін растау үшін "Отбасы банк" АҚ-ға жолдама алады. Кезектің алдын алу мақсатында жолдамалар кезең-кезеңімен апта сайын 550 қатысушыға беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Төлем қабілеті расталғаннан кейін қатысушыларға 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама тұрғын үй нарығынан баспана таңдап, 20 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесін рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.
Кейбір қатысушылар төлем қабілетін растай алмаса немесе белгіленген мерзімде тұрғын үй таңдап үлгермесе, жолдама беру кезегі оң қорытынды алған келесі үміткерлерге өтеді.
Құжаттарды қарау нәтижесінде 1 395 өтініш берушінің құжаттары бағдарлама талаптарына сәйкес келмеген. Бұған олардың жеке меншігінде тұрғын үй болуы, кейінгі бес жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығаруы немесе кейінгі алты айда міндетті зейнетақы жарнасы аударылмауы себеп болған.
Айта кетейік, өтініші мақұлданған немесе мақұлданбаған үміткерлердің тізімі kezekte.kz порталындағы Almaty jastary сервисінің "Тұрғын үй қызметтері" бөлімінде жарияланады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!