Биыл "Алматы жастары" қалалық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша өтініштер мен құжаттарды қабылдау 18 мамырдан басталып, 1 маусымда аяқталды. Енді негізгі тізімге өткен алматылық жастар пәтер іздеп жатыр. Алматыда бағдарлама бойынша берілетін 18 миллион теңгеге қандай пәтер және қай жерден алуға болады? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Жалпы бағдарламаға қатысуға 11 199 алматылық өтініш қалдырған. Оның тек 1000-ы негізгі тізімге өтті. Тізімге ілініп, банктен төлем қабілетін растаған азаматтар пәтер іздеп, ипотеканы рәсімдей бастайды. Пәтерді іздеп, құжаттарды толтыруға барлығы 45 күн беріледі. Үлгермеген жағдайда қосалқы тізімдегі (резерв-еск.) адам өтеді.
Бағдарлама бойынша өткен адам 18 миллион теңгеге пәтер табуы керек. Бұл сомаға салынып жатқан үйді де, қайталама тұрғын үйді де алуға болады. Алайда бұл тек 18 миллионның пәтерін алуға болады деген сөз емес. Бағдармадан өткен адам өзі де ақша қосып, 18 миллионнан да жоғары үй алуына болады.
"Теремки" тұрғын үй кешені
Біз Алматыда салынып жатқан және 18 миллионның айналасында сатылып жатқан үйлерге шолу жасадық. Ең бірінші көзге түскені - "Теремки" тұрғын үй кешені. Ол Түрксіб ауданында орналасқан үй. Шаршы метрінің құны 450 мың теңгеге дейін. Бағдарламадан өткен адам бұл тұрғын үйден үстіне шамамен 1,1 миллион теңге қосып бір бөлмелі пәтер ала алады. Яғни бір бөлмелі пәтердің (40,88 - 42,58 шаршы метр) құны - 19 161 000 теңгеге дейін. Қалған екі (64,21 - 64,21 шаршы метр) және үш бөлмелі (88,52 - 88,52 шаршы метр) пәтерлердің де құнын айта кетейік: 28 894 500 теңгеге дейін және 39 834 000 теңгеге дейін.
Үй бірінші әрлеу түрінде, яғни ешқандай жөндеу жұмысынсыз өткізіледі. Сатып алған адам қалауынша ішін әрлеп, жөндеу жұмысын жүргізе алады.
Alma City
Бұл - Алматының Наурызбай ауданында орналасқан тұрғын үй. Шаршы метрінің құны - 350 мың теңгеге дейін. 18 миллион теңгеге үй аламын деп есептеп отырған адам аздаған қаражат қосып, бұл тұрғын үйден бір бөлмелі пәтер ала алады. Шаршы метрі 25,60 - 52,33 аралығындағы пәтерді 18 315 500 теңгеге алуға болады. Ал екі бөлмелі пәтер құны 26 698 000 теңге болса, үш бөлмелі пәтерді 34 636 000 теңгеге алуға болады.
Alma City. Фото: korter.kz
Сонымен қатар, бұл тұрғын үйдің төртінші кезегінен пәтерді шамамен 17 446 800 теңгеге алуға болады. Бұл бір бөлмелі пәтерлер. Олар 2022 жылдың шілдесінде өткізіле бастады.
Gulder: 3-1 кезек
Алматының Наурызбай ауданы, Қалқаман шағынауданында орналасқан Gulder тұрғын үй кешенінде 37,15 - 40,75 шаршы метр аралығындағы пәтерді үш миллион теңгедей қосып, 21 190 000 теңгеге алуға болады.
Gulder тұрғын үйі. Фото: homsters.kz
Oner: 1-1
Алмалы ауданында Абай даңғылы мен Тұрғыт Озал көшесінің қиылысында орналасқан тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бағасы 422 400 теңге мен 620 000 теңге аралығында. Пәтерлер бірінші әрлеусіз беріледі. Алматының орталық көшелерінің бірінде орналасқан тұрғын үй кешенінен "Алматы жастарынан" өткен адам тек бір бөлмелі пәтер ала алады. Бір бөлмелі пәтердің құны - 19 861 128 - 29 685 600 аралығында.
"Ақкент" тұрғын үй кешені
Алатау ауданында орналасқан тұрғын үй кешеніндегі үйлер де бірінші әрлеусіз беріледі. "Алматы жастары" бағдармаласынан өткен адам бұл кешеннен бір бөлмелі пәтерлерді ала алады. Алайда оның өзінде үш миллион теңгедей қосу қажет болады: 28,7 - 47 шаршы метр аралығындағы пәтерді 21 150 000 теңгеге алуға болады.
Ал жылжымайтын мүлік іздеуге арналған танымал сайт Krisha.kz-те 18 миллион теңгеге дейінгі 2627 пәтер бар. Ал ипотекамен алу үшін кейінгі 50 жылдағы, яғни 1972 жылдан бергі үйлерді алуға болатынын ескерсек, сайтта сатылатын 2131 пәтер бар. Оның 1973-і бір бөлмелі пәтер. Хабарламаларда ескі үйлер де, жаңадан салынып жатқан пәтерлер де бар. Пәтер іздеуде арнайы маман риелторлардың көмегіне жүгінуге болатынын да айта кетейік. Алайда ол қосымша шығынды талап ететінін ұмытпаған жөн.