Алматыда ғылыми гранттар байқауы қорытындыланды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 348 млн теңге болатын грант 23 жобаға берілді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі.
Жеңімпаздар қатарында жер сілкінісін ерте анықтау, ауаның ластануын бақылау, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, қала инфрақұрылымын дамыту және жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған жобалар бар. Үздік жоба авторларына сертификаттар 11 қарашада Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің отырысында табысталды. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты.
Ғылымды дамыту және инновацияны енгізу жұмыстары аясында мұндай байқау алғаш рет ұйымдастырылды. Байқауға барлығы 229 өтінім түскен. Алдын ала іріктеуден кейін 191 жоба келесі кезеңге өтті. Қатысушылар бес апталық акселерациялық бағдарламадан өтіп, жобасын жетілдіріп, сарапшылар комиссиясының алдында қорғады. Соның нәтижесінде 23 ғылыми әзірлеме қаржыландыруға ие болды.
Әкімдік мәліметі бойынша, жеңімпаз жобалардың қатарында сейсмикалық құбылыстарды ерте анықтау жүйесі, автокөлік пен өнеркәсіп орындарынан шығатын зиянды қалдықтарды тазарту технологиясы, ауа, су және топырақ сапасын цифрлық бақылау шешімдері бар. Сонымен қатар ғалымдар су айдындарын тазартуға арналған арнайы глайдерлерді пайдалануды және 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО күл-қож қалдықтарын қайта өңдеп, 3D басып шығару арқылы шағын сәулет нысандарын жасауды ұсынды.
Қаланы көгалдандыруға арналған экологиялық таза, әсері ұзаққа созылатын препараттар әзірленді. Ал тағы бір жоба аллергенді өсімдіктерді бақылауға бағытталған. Оның көмегімен өсімдіктердің тозаң тарату кезеңдері анықталып, тұрғындарға аллергия қаупі туралы хабарланады.
Әкімдік ақпаратында хабарланғандай, көлік саласында қиылыстардағы қозғалысты бейімдеп басқаруға арналған SmartFlow жүйесі қолдау тапты. Бұдан бөлек, бейнеталдау арқылы жоғалған адамдарды іздеуге арналған FaceAlert Almaty жүйесі, жеделсатылардың қауіпсіздігін цифрлық бақылау платформасы және денсаулық сақтау саласындағы жобалар да жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Жеңімпаздарды қалалық мәслихат депутаттары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, ғылыми қауымдастық пен қоғам өкілдері қатысқан конкурстық комиссия анықтады. Іріктеу кезінде зерттеулердің жаңашылдығы, тәжірибелік маңызы және қала шаруашылығында қолдану мүмкіндігі ескерілді.
«Бүгінде біздің алдымызда ғылыми идеяларды қолдап қана қоймай, оларды іс жүзінде жүзеге асыруға жағдай жасау міндеті тұр. Алматының зияткерлік әлеуеті зор, сондықтан ғалымдарымыздың әзірлемелері қала өмірінде нақты қолданыс табуы аса маңызды. Биыл алғаш рет осы мақсаттарға 348 миллион теңге бөлінді. Бұл – ғылым мен инновацияларды қолдаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз экология, қауіпсіздік, көлік және қалалық инфрақұрылым салаларында тың шешімдер ұсына алатын зерттеушілерге ерекше көңіл бөлеміз. Біздің мақсатымыз – болашағы зор жобалардың қағаз жүзінде қалып қоймай, Алматыны қауіпсіз, жайлы әрі заманауи қалаға айналдыруға ықпал ететін нақты технологияларға ұласуын қамтамасыз ету», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Сонымен қатар Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысында әзірлемелерді одан әрі қолданысқа енгізу мәселесі қаралды. Атап айтқанда, жобаларды пилоттық режимде сынақтан өткізуге арналған алаңдар бөлу, оларды бірлесіп қаржыландыруға бизнесті тарту және жеңімпаздар қатарына енбеген болашағы зор зерттеулерге қолдау көрсету жайы талқыланды.
Ғылыми әзірлемелерді қолдау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамыту және инновацияны экономикаға енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр.
Айта кетейік, ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар мен сарапшылар өкілдерінің басын қосқан Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес Алматы қаласы әкімдігі жанынан 2024 жылы құрылған.
Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал