Алматы ғалымдары Президент Жолдауының басым бағыттарын талқылады

Алматы ғалымдары Президент Жолдауының басым бағыттарын талқылады
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған кездесу өткізді. Кездесу «Жолдау басымдықтары: ұлттық мемлекеттілік және құқықтық сана» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі.

Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері және QyzPU Студенттік құрылтайының мүшелері қатысты.

Кездесу барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Бейбітқүл Кәрімова Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру академиялық қоғамдастық пен мемлекеттік институттардың күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті. Ол ұлттық мемлекеттіліктің тарихи негіздерін зерделеу, заң үстемдігін нығайту және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің одан әрі дамуына қатысты маңызды бағдарларды айқындайды. Белгіленген басымдықтарды табысты жүзеге асыру тек мемлекеттік институттардың шешімдеріне ғана емес, ғылыми және білім беру қоғамдастығының белсенді қатысуына да байланысты. Бүгінде университеттердің алдында құқықтық мәдениеті жоғары, ұлттық тарих пен мемлекеттілікті құрметтейтін, сыни тұрғыдан ойлай алатын және ел болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Өйткені білім, ғылым және азаматтық құндылықтарды қалыптастыру арқылы Қазақстанның тұрақты дамуының берік негізі қаланады», – деді Бейбітқүл Кәрімова.

Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, цифрлық экономиканы қалыптастыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар басым міндеттер белгіленген.

Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, аграрлық секторға жасанды интеллект технологияларын енгізуге және су ресурстарын ұтымды пайдалануға ерекше назар аударылды.

Президент білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге және оларға түсетін артық жүктемені азайтуға бағытталуы керектігін атап өтті.

Бұдан бөлек, Жолдауда шағын және микробизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру, салық заңнамасына өзгерістер әзірлеу, жаңа Азаматтық кодексті қабылдау және мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға атаулы түрде көрсету мәселелері де қамтылды.

Жолдау міндеттерін талқылау барысында Ұлттық ғылым академиясының, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері мен ғалымдар ұлттық мемлекеттілік, Құрылтай институтының тарихи маңызы, заң үстемдігі және қоғамдық диалог мәселелері бойынша пікір алмасты.

Әкімдік хабарлағандай, кездесу аясында мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев пен ғалым-түрколог Зарипбай Оразбайдың авторлығымен жарық көрген «Құрылтай феномені» кітабы таныстырылды. Сонымен қатар заңгер, PhD докторы Бақытжан Сапаровтың авторлығымен әзірленген «Конституция сақшылары» атты танымдық комикс көпшілік назарына ұсынылды.

Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал

О. Сансызбай
Logotype Massaget