Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне 27 мың көрермен қатысқан, ал қалаға бірнеше миллиард теңге табыс түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдік мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Алматыдағы Орталық стадионда өткен Дженнифер Лопес концертіне 27 мың адам келген. Олардың ішінде шамамен 7 мыңы АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Қытай және бірнеше Еуропа елдерінен келген.
Билет бағасы 40 мыңнан 180 мың теңгеге дейін жеткен. Ұйымдастырушылардың алдын ала жасаған есебі бойынша бұл іс-шарадан бюджетке түсетін салық көлемі 600 млн теңге шамасында болмақ.
"Іс-шараның қала экономикасына тигізген әсері де ауқымды. Mastercard төлем жүйесінің дерегіне сүйенсек, шетелдік туристер Алматыда орта есеппен үш жарым күн аялдап, тәулігіне шамамен 440 долларды қонақүй, тамақ, көлік, экскурсия және саудаға жұмсайды. Концерт күндері тек шетелдік қонақтар қалаға шамамен 5 миллиард теңгеден астам табыс әкелді", - делінген хабарламада.
Бұл уақытта мейрамханалар, кофеханалар, қонақүйлер мен түрлі көлік компаниялары да қосымша пайда тапты. Тағы бір мысал, концерт өткен күні стадион аумағындағы фуд-корт 15 миллион теңге табыс тапқан.
Туризм басқармасының пайымдауынша, көрермендердің шығыны мен жанама кірістерді қоса есептегенде, концерттен қалаға түскен табыс айналымы 10 миллиард теңгеден асады. Мұндай мәдени іс-шаралар қала қазынасына қомақты кіріс әкеліп қана қоймай, Алматының туристік тартымдылығын арттырып, оны әлемдік гастроль картасындағы маңызды орталық ретінде нығайтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек