Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы дәмханалардың бірінде қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын шетелдік студенттер арасында жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде төбелестің видеосы тарап кетті. Кадрдан жастардың бір-бірін орындықпен, шоқпармен, тіпті үстелмен ұрып-соғып жатқанын көруге болады.
Үкімет отырысында журналистер Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен оқиғаның мән-жайын сұрады.
Министрдің сөзінше, қазақстандық студенттер төбелеске қатыспаған.
"Алты адам - үндістандық студенттер, бұл - олардың өз мәселесі. Қазір Алматы полициясы тергеу жүргізіп жатыр, нәтижесін күтейік. Мен елшілікпен тікелей байланыстамын, біз сөйлесіп, бұл студенттерді депортациялау туралы ортақ шешім қабылдадық. Бұл - біздің ұстанымымыз. Президент өзінің жуырдағы сұхбатында әрбір шетелдік азамат өз елінің заңдарын қалай сақтаса, Қазақстанда да оны орындауға міндетті екенін айтты. Депортация мәселесі елшілікпен шешіліп қойған", - деді ведомство басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!