Алматы балабақшаларындағы QR-код неге істемей қалды?

Алматыда ата-аналар балабақшаға баланың келгенін белгілейтін iGolek Family мобильді қосымшасының жұмыс жасамай қалғанын жазып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда ата-аналар iGolek Family мобильді қосымшасы арқылы баланың балабақшаға келгенін белгілейін десе, оның істемей тұрғанын жазып жатыр. Қосымшада "Алматы қаласының Білім басқармасының шешіміне сәйкес, қаржыландырудың болмауына байланысты Алматы қаласында мобильді қосымшаны пайдалану тоқтатылды" деп жазылған.

Алматы білім басқармасының балабақша бойынша бөлімнің басшысы бұл қосымшаның пилоттық жоба болғанын айтты.

"Алматы қаласында QR-код және iGolek Family мобильді қосымшасы 2,5 жыл бойы эксперименттік жоба болды. Ол пилоттық жоба түрінде ғана жұмыс істеп тұрды. Ал қазір жүйе өзгеріп жатыр. Сондықтан уақытша тоқтатылды. Ол кейін осы күйінде қала ма, әлде тағы да жаңартыла ма, әлі белгісіз. Қазір анализ жүріп жатыр. Оған қоса, алдағы уақытта ваучер енгізілмек. Сондықтан алдағы уақытта нақты жауап береміз. Ал қазір ата-аналар балабақшаға бұрынғы әдіс бойынша кіреді", - деп жауап берді Әлия Жолдасбекқызы Сағиева.

Еске салайық, мектепке дейінгі ұйымдар қызметін автоматтандыру ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ балалардың сабаққа қатысуын мониторингілеу және бақылау үшін Алматы қаласының білім басқармасы 2022 жылдың тамыз айынан бастап QR-код және iGolek Family мобильді қосымшасы арқылы сабаққа қатысу функционалын енгізді.  Баланы балабақшаға күнделікті қабылдау кезінде ата-ана balabaqsha.bilimalmaty.kz (ақпараттық жүйенің мобильді нұсқасы) арқылы QR-кодты генерациялау қажет және белгілеу үшін тәрбиешіге/балабақша қызметкеріне көрсету керек немесе баланың келуін iGolek Family мобильді қосымшасы арқылы белгілеу қажет болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!