Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада ВИЧ инфекциясын жұқтыру дерегіне қатысты тексерістің басталғанына бір айға жуықтаса да, нәтижесі әлі жоқ. Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Астанадан арнайы жіберілген комиссия өз жұмысын жақын күндері аяқтайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ведомство басшысы айықпас індетке шалдыққан науқастармен кездесу және олардың жағдайы туралы ақпарат тек өздерінің келісімімен ғана жарияланатынын жеткізді.
"ВИЧ инфекциясын жұқтырған барлық науқас заңмен қорғалған. Дәрігерлік құпияны сақтау деген бар. Науқастардың дені осы дертке шалдыққанын айтқысы келмейді. Ал, кездесуді тек олардың келісімімен ғана өткізуге болады. Комиссия келесі аптада жұмысын аяқтайды. Содан кейін олар ақпаратты дайындап, әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігіне ресми түрде жолдайды", - дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Еске салайық, өткен айдың басында Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханасына басқа аурудан емеделемін деп барған үш науқас ВИЧ жұқтырған болатын. Қауіпті кесел оларға қан қою кезінде жабысты деген болжам бар. Сол уақытта қанынан иммунтапшылық вирусы табылған емделушімен байланысты болған адамдар, донорлар мен аурухананың қызметкерлері сынама тапсырды. Абырой болғанда қорытындысы теріс шыққан. Қазір осы емдеу мекемесінде санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық-фармацевтикалық бақылау комитеттерінің үздік мамандары тексеріс жүргізуде. Қателіктің неден және кімнен кеткенін СПИД орталығының мамандары да анықтауға тырысып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!