Алматы әуежайында рейстер кестесі неліктен қытайша жазыла бастады?

Алматы әуежайында рейстер кестесі неліктен қытайша жазыла бастады?
Фото: depositphotos.com

Желіде Алматы әуежайындағы қытайша жазылған рейстер кестесі қызу талқыланды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл шешімге түсінбеушілік танытып жатыр. Алматы әуежайы не дейді? Толығырақ Massaget.kz материалында.

Кейбір жолаушылар ішкі рейстерге қытай тілін қосу орынсыз деп санады.

сурет: Диас Нұрақынның парақшасынан

Алматы халықаралық әуежайы ішкі рейстер терминалындағы ақпараттық таблоларда қытай тілінде ақпарат беріле бастағанын растады және биыл Қазақстанда Қытай Халық Республикасының туризм жылы екенін мәлімдеді.

"Алматы халықаралық әуежайы 2025 жыл Қазақстан Республикасында екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін Қытай Халық Республикасының туризм жылы болып жариялануына байланысты әуежайдағы T1 ішкі рейстер терминалындағы ақпараттық таблоларда қытай тілінде ақпарат көрсетілетінін хабарлайды", - деп жауап берді Алматы халықаралық әуежайының корпоративтік коммуникациялар департаменті  Massaget.kz сұрауына.

Департамент сондай-ақ бұл шешім Қазақстан аумағы арқылы жиі жүретін Қытайдан транзиттік жолаушылардың айтарлықтай ағынына байланысты туындағанын айтты.

"Алматы әуежайы - халықаралық әуежай және көптеген Қытай азаматтарына қызмет көрсетеді, қытай тіліндегі ақпарат жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және әуежайда жүріп-тұру кезінде ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта T1 терминалының ақпараттық таблосында келесі тілдер тізбегі қолданылады:

  • қазақ тілі;
  • орыс тілі;
  • ағылшын тілі;
  • қытай тілі.

Әр тілдегі ақпарат экрандарда 10 секунд көрсетіледі де, содан кейін ол автоматты түрде келесі тілге ауысады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайының жаңа терминалының төбесінен су ағып, желіде кадрлар тарады. Онда сауда бутигі төбесінен су ағып жатқаны көрсетілген. Алматы әуежайы терминал төбесінен су ағуға қатысты барлық ақау дереу түзетілгенін хабарлады.

Алайда көп ұзамай Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалын су басқаны түсірілген тағы да видеолар тарады. Қатты лайлы жауын-шашын салдарынан перрон жағындағы нөсер канализациясы ішінара бітеліп қалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова
Logotype Massaget