Алматы әуежайында қызметкер кепілге алынған оқиға: іс қосымша тергеуден кейін сотқа жолданды

Алматы әуежайында қызметкер кепілге алынған оқиға: іс қосымша тергеуден кейін сотқа жолданды
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

7 наурызда Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алған Машрапбек Баратовтың ісі қосымша тергеу аяқталғаннан кейін қайта сотқа жолданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, 30 маусымда Машрапбек Баратовқа қатысты қылмыстық іс Алматының Түрксіб аудандық сотына жолданған.

"Ол Алматы халықаралық әуежайында кепілге алу, бұзақылық жасау, сондай-ақ, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру деректері бойынша айыпталып отыр", – деді ведомство өкілдері.

Сот процесі қашан басталатыны әзірге хабарланған жоқ.

Тосын оқиға туралы не белгілі?

7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды. 

Артынша Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды. 

Әуежайда кепілге алынған адамды құтқарған Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. 

Алматы әуежайындағы оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget