Алматы әуежайында қызметкер кепілге алынған оқиға: Әбдірайымов жәбірленуші мәртебесінен бас тартты

Алматы әуежайында қызметкер кепілге алынған оқиға: Әбдірайымов жәбірленуші мәртебесінен бас тартты
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Алматыда наурыздың басында әуежай қызметкерін кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовтың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

9 сәуірдегі екінші сот отырысы қыздың орнына өзін кепілге алуды сұраған Мұса Әбдірайымовтың адвокатының өтінішін қараудан басталды. Адвокат Әбдірайымовты жәбірленуші деп тануды және істі прокурорға тергеуге қайтаруды сұрады.

Дегенмен Әбдірайымовтың өзі де өтініш білдіріп, өзін жәбірленуші деп көрсетпеуді сұрады. Оның айтуынша, қызды өз еркімен құтқарған және денсаулығына ешқандай зиян келмеген.

Осыдан кейін судья кеңесу бөлмесіне шықты.

©Massaget.kz/Болат Айтмолда 

Айта кетейік, бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:

  • Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
  • Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
  • Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) бойынша 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Тосын оқиға туралы не белгілі?

7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды. 

Артынша Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды. 

Әуежайда кепілге алынған адамды құтқарған Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. 

Әуежайда қызметкерді кепілге алған ер адам екі айға қамауға алынды. Алматы әуежайындағы оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget