Алматы әуежайында кепілге алынған қыз сот залында көз жасына ерік берді

Алматы әуежайында кепілге алынған қыз сот залында көз жасына ерік берді
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Алматы әуежайында кепілге алынған қыз сотта өткен оқиға туралы баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жұмыс үстелімде отырдым, ол (күдікті - еск.) жалғыз өтті, мен одан отырғызу талонын және жеке куәлігін сұрадым. Ол маған қарап, "үш минуттан кейін әуежайды жарып жіберемін" деді. Мен шегінгім келді. Бірақ ол мені сол кезде ұстап алды, мен жерге құладым. Содан кейін оң жақ қалтасынан пышақ шығарғанын көрдім, мен айғайлай бастадым", - деді жәбірленуші.

Оның айтуынша, айналасынан көмек сұраған, бірақ ер адам бәріне жақындама деп айғайлаған. Жәбірленуші сол күнгі оқиғаларды еске түсіріп, көзіне жас алды.

Айта кетейік, бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:

  • Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
  • Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
  • Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) бойынша 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Тосын оқиға туралы не белгілі?

7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.

Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталды. Ол қамауға алынды. 

Артынша Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды. 

Әуежайда кепілге алынған адамды құтқарған Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. 

Әуежайда қызметкерді кепілге алған ер адам екі айға қамауға алынды. Алматы әуежайындағы оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget