Алматы халықаралық әуежайында заңсыз әкелінген құмырсқалар салынған контейнер тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әуежайда тексеріс барысында Италиядан келген қорап ішінен кондитерлік өнімдердің орнына тірі жәндіктер, болжам бойынша құмырсқалар бар 7 пробирка мен 22 пластикалық контейнер анықталған.
"Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы коды бойынша жабайы тірі жәндіктер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге рұқсат беру тәртібі белгіленген тауарлар тізбесіне кіреді. Осылайша, рұқсат құжаттарынсыз тірі жәндіктерді Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелу әрекеті тоқтатылды", - делінген Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарламасында.
Осы дерек бойынша материалдар шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органға жіберілген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!