- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы апортының Отаны...
Алматы апортының Отаны Қазақстан екенін дәлелдеуге кірісіп кеттік - министр Есқараев
Алматы апортының Отаны Қазақстан екенін дәлелдеу үшін тиісті құжаттарды жинап, дәлелдеуге кірісіп кеттік. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір Алматыдағы қауымдастықпен (Алматы апортының Отаны Қазақстан екенін дәлелдеуге қатысты) жұмысты жүргізіп жатырмыз. Бізге олар өзінің арызын жіберді. Кейін оны біз өз жүйемізде тіркеп, тиісті құжаттарды жинап, халықаралық деңгейде тіркеу бойынша жұмысты жүргіземіз", - деді Азамат Есқараев.
Министр Алматы апортының Отаны Қазақстан екенін дәлелдеу үшін уақыт керегін атап өтті.
"Бұл жұмыс уақытты талап етеді. Себебі, жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Онда бюракратиялық, салалық сұрақтар бар. Жұмыс халықаралық деңгейде жүргізіледі. Сондықтан кем дегенде жарты жыл керек. Біз жинаған құжаттарды Дүниежүзілік зияткерлік меншікті қорғау ұйымына (World Intellectual Property Organіsatіon/ WIPO) жібереміз", - деді басшы.
Бұған дейін әділет министрі Алматы апортының Отаны Қазақстан екені заң жүзінде дәлелденетінін айтқан болатын.
"Салада патент беру, еліміздің мүддесін дүниежүзілік деңгейде қорғау сынды мәселе бар. Оның ішінде апорт алмасын географиялық көрсеткіш ретінде тіркеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Президенттің арнайы берген тапсырмасы бар еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы апортынан ұлттық бренд жасау керектігін айтқан. Сондықтан біз осы жұмысты қолға алдық", - деген еді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина