Алматы қаласы әкімінің орынбасары бизнесті заңсыз тексергені үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түрксіб ауданының прокуратурасы бизнесті заңсыз тексерген әкімдіктің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінің жолын кесті.
"Қала әкімі орынбасарының тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу барысында аудан әкімдіктерінің қызметкерлері өз өкілеттігінің шегінен шығып, кәсіпкерлерден құжаттарды (тауарларға ілеспе жүк құжаттарын) ұсынуды заңсыз талап еткен", - деп жазылған хабарламада.
Бас прокуратура мәліметінше, мұндай әрекеттер заңнамаға қайшы келеді, себебі тексерушілерде бизнестен құжатты талап ету үшін құқықтық негіз болмаған.
Тексеру жүргізу тәртібін бұзу деректері бойынша аудан әкімдері аппараттарының 6 лауазымды тұлғасы ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған (25 материал бойынша 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды).
"Алматы қаласы әкімінің орынбасары ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабымен кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу арқылы жауапқа тартылды. Барлық айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді", - деп жазылған хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова