Алматы әкімдігі өкілі қаңтарда өртенген қалалық әкімшілік ғимаратын жөндеуге қанша қаражат жұмсалатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы құрылыс басқармасының брифингі барысында ведомство өкілінен қаңтарда бүлінген ғимаратты жөндеуге қанша ақша жұмсалатыны сұралды.
"Қайта құру жұмыстарын екі кезең бойынша жүргіздік. Бірінші кезекте үш павильон бойынша ЖСҚ әзірленді. Құрылыстың жалпы құны - шамамен 13 миллиард теңге. Екінші кезеңде ең үлкен павильонды қайта құру үшін ЖСҚ әзірлеп жатырмыз, жобаны қыркүйектің соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қорытынды бойынша шамамен құны анықталады, бірақ алдын ала мәлімет бойынша 4 миллиард теңге болуы мүмкін. Осылайша, ғимаратты қалпына келтіруге 17 миллиард теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін", - деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, ғимараттың қасбеті барынша бұрынғы қалпында сақталады, құрылымдары жеңілдетіледі, бірақ ғимарат бұрынғыға ұқсас материалдармен қапталады.
Бұған дейін ОКҚ брифингінде Алматы әкімі әкімдік ғимаратын қалпына келтіру жұмыстарын келесі жылдың көктемінде аяқтау жоспарланып отырғанын айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!