Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Тергеу барысында коммуналдық меншікті (сот үкімі бойынша тәркіленген 3 коттедж және 2 пәтер) өткізу тәртібінің бұзылуы анықталып бағалау туралы жалған есептер негізінде тікелей үлестес жеке тұлғаларға төмен бағамен сатылғаны анықталды (объектілердің құны бірнеше есе төмендетілген). Олар мемлекетке 819 миллион теңге залал келтірген. Тергеу барысында қабылданған шаралардың арқасында залал толығымен өтелді", - делінген хабарламада.
Тергеу сотының санкциясымен үш күдікті адам үй қамағына алынды.
Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.
Еске салайық, мұның алдында осы іс бойынша ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровке қатысты тергеу жүргізетінін хабарлаған еді.
"Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына 10 сәуірде Алматы прокуроры орынбасарының өтініші келіп түсті. Өтініште ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ВЖТТ басшысының күдікті деп танылған Ілияс Өсеровке қатысты екі ай мерзімге үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы көрсетілген. Бұл өтініш қанағаттандырылып, күдіктіге қатысты екі ай мерзімге, яғни 2023 жылғы 10 маусымға дейін үй қамаққа алу бұлтартпау шарасы қолданылды", - Алматы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, Ілияс Өсеров былтыр наурызда ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалған еді.
Ол 2019 жылғы мамырдан 2022 жылғы наурызға дейін Алматы әкімінің орынбасары болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!