- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы әкімдігі тұрғындардан...
Алматы әкімдігі тұрғындардан түнгі уақытта қалада жүріп-тұруды азайтуды өтінді
12 желтоқсан сағат 21:00-дегі жағдай бойынша, қала мен таулы аймақта 12 мм жауын-шашын немесе 22-24 см қар жауды, бұл айлық норманың – 28 пайызы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қар жауған күннен бастап жолдың жүргіншілер бөлігіне көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Тротуар, жалпы пайдалану орындары, қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті өткелдерін тазалау жұмысы тоқтаған емес", - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Түнгі уақытта жол полициясының патрульдік көліктерінің сүйемелдеуімен қарды тырмалап тазалауға 17 сыпыру-жинау машиналары жолға шықты. Сағат 00:00-ден бастап кезекті қарды тырмалау жұмысы жоспарланған.
"Магистральды көшелерден қар шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 44 жедел патрульдік бригада, 421 бірлік арнайы техника, оның ішінде 165 құм таратқыш, 481 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды", - делінген әкімдік таратқан хабарламада.
"Қазгидромет" РМК-ның болжамы бойынша жауын-шашын жаумайды. Ал түнде 23-25 градус аяз болады.
"Осыған орай коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қала тұрғындарынан түсіністікпен қарауды, мүмкіндігінше қала бойынша қозғалысты шектеуді және автокөлікті жол жиегіне қоймауын сұраймыз. Жеке көлікпен жүрудің шұғыл қажеттілігі болмаса жүргізушілерге жылдамдықты төмендетуге, тежегішті күрт баспауға, қашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауға шақырамыз. Жаяу жүргіншілер тротуарда жүргенде абай болып, көшеде белгіленген жермен ғана жүріп, қарттар мен балаларға көмек көрсету керек", - делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан