Алматы әкімдігі Айнабұлақ - 4 шағын ауданындағы балабақша құрылысын сапасыз жүргізген компанияны сотқа береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала Айнабұлақ - 4 шағын ауданындағы балабақша құрылысының жобасын белгіленген стандарттар мен талаптарға сай жүргізбеген әрі сапасыз салған "АК Construction" ЖШС мердігер - компаниясын сотқа беретін болды. Бұл туралы Жетісу ауданын жұмыс сапары барысында аралаған Ерболат Досаев мәлімдеді.
Жетісу ауданының Айнабұлақ - 4 шағын ауданындағы 160 орындық жаңа мемлекеттік балабақша 1987 жылы салынған, кейін сүрілген әрі 10 жыл бос тұрған нысанның орнына салынып жатыр. Құрылыс қала басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың мамыр айында басталды.
Қала басшысы балабақшаны аралаған кезде құрылыс басқармасы басшылығының назарын құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстарын жүргізудегі кемшіліктерге аударды: қабырғалар сапасыз сырланған, көшедегі ойын алаңы бүлдіршіндерге бейімделмеген және т.б. Ерболат Досаев олқылықтары өте көп объектіні қабылдауға болмайтынын атап өтті. Басты назарда сапа болуы тиіс екенін қадап тұрып айтты. Алматы әкімі ақауларды қысқа мерзімде жоюды, ал міндетін жауапсыз атқарған мердігер ұйымды сотқа беруді тапсырды. Бұдан басқа, "АК Construction" ЖШС құрылыс жұмыстарын мерзімдерді бұзып жүргізуде: компания 2023 жылдың мамыр айында жұмысын аяқтауы тиіс еді.
Айта кетейік, ауданда Алматы сынды халық санының өсуі байқалады. Мәселен, егер 2013 жылы Жетісу ауданының халқы 143 мың адам болса, 2023 жылы оның саны 196 мың адамға жетті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!