- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы әкімдігі 13...
Алматы әкімдігі 13 жылдан бері жөндеу көрмеген Әл-Фараби даңғылына қатысты түсінік берді
Алматы мобилділік басқармасы 13 жылдан бері жөнделмеген Әл-Фараби даңғылына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствоның хабарына қарағанда, 2023 жылы Әл-Фараби дағылының Торайғыров көшесіндегі жолайрықтан Достық даңғылындағы жолайрыққа дейінгі аралығындағы жалпы ұзындығы 9,3 шақырым болатын бөлікте орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары көлік қозғалысын ішінара шектеп қана істеліп жатыр.
Жөндеу жұмыстары аясында жолдағы жиектастарды тегістеу қарастырылған. Тегістеу кезінде жиектастар алынып, жолдың бойында тиісті деңгейде қайта орнатылады. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақта 34 500 метр жиектас болса, соның тек 7 683 метрі ғана алынып, сол жерге қайта орнатылады.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жиектастар ауыстырылмайды, себебі олар граниттен жасалған және өте төзімді. Олар тек тегістеледі.
"Тегістеу дегеніміз – қисайған жиектастарды алып, қайта орнына орнату. Жол қозғалысы кезінде жиектастарға машиналар тиіп кетуі мүмкін немесе арнайы техника қар тазалау кезінде қисайтып кетуі мүмкін. Жиектас пен жол жабынының арасындағы саңылаулар жол бетінде жарықтардың пайда болуына алып келуі мүмкін. Жұмыс сапасын арттыру үшін асфальтбетон жабынын төсер алдында жиектастар тегіс әрі тік тұруға тиіс", - компания өкілі.
Әл-Фараби даңғылы бұған дейін 2010 жылы жөнделген. Жөндеу мерзімнің өтуіне байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жол бойында шұңқыр, ойылған, жарылған, отырған жерлер анықталып, жолдың жағдайы туралы техникалық қорытынды жасалды. Техникалық қорытынды негізінде аталған учаскелерді орташа жөндеу жұмысы жоспарына қосылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан