Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасындағы Испания Корольдігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Педро Хосе Санса Серраноны қабылдады, - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар мәдениет, білім, туризм, экономика және басқа да салалар бойынша өзара бірігіп жұмыс істеу мәселелерін талқылады.
Мегаполис басшысы үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде Алматы мен Испания арасындағы тауар айналымының 10%-ға артқанын, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 59,1 млн. АҚШ долларын құрағанын, экспорттың 6,5 млн. АҚШ долл., ал импорттың 52,6 млн. АҚШ долларына жеткенін айтты.
«Алматы – еліміздің ірі мегаполисі, бизнес пен жеке капитал қаласы.Сервис пен сауда ЖӨӨ 86% -ын құрайды. Мұнда халықаралық ұйымдар мен трансұлттық комапниялардың 60 офисі бар.Қаланың инвестициялық ахуалы жоғары, біз испандық компанияларды бизнес жасауға шақырамыз», - деді Б.Байбек.
Елші өзінің сөзінде Испанияның қаламен жемісті байланысын одан әрі жалғастыра беретіндігін, мұндай кездесулердің болашаққа берері мол екендігін атап өтті.
Бүгінгі күні Алматыда 17 біріккен және 17 испандық кәсіпорындар тіркелген.