Алматы әкімі көркейту жобалары бойынша мердігерлерге шара қабылдауды тапсырды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көшелерді көркейту және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жобаларының жүзеге асырылу барысы бойынша кеңес өткізді. Жиында жұмыстарды ұйымдастыру, белгіленген мерзімді сақтау, қауіпсіздік талаптары мен жобалардың сапалы орындалуына баса назар аударылды.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, биыл қалада көшелер мен жағалауларды көркейту, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру, тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу және аумақтарды көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Оның айтуынша, тұрғындар жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарайды. Өйткені қалалық инфрақұрылымды жаңарту қажеттігін көріп отыр. Алайда құрылыс жұмыстарының қалай ұйымдастырылғанына қатысты мәселелер бар.

"Алайда тұрғындар жұмыстардың ұйымдастырылуына қатысты наразылық білдіріп отыр. Атап айтсақ, үнемі шаң-тозаң болады, түнгі уақытта шу шығады, жұмыс жүргізіліп жатқан аумақта қауіпсіз өткелдер жоқ. Кейбір жағдайды түсінуге болады. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұл жүйелі түрде қайталанып отырған заңбұзушылықтар. Демек, жұмысты ұйымдастыруда кемшіліктер бар", – деді Алматы әкімі.

Шаһар басшысы көркейту кезінде ағаштардың зақымдану жағдайына да тоқталды.

"Мысалы, арық науаларын ауыстыру және суару жүйелерін жүргізу кезінде қолданыстағы жасыл желектердің тамырлары зақымдалады. Бұған жол беруге болмайды", – деді Дархан Сатыбалды.

Алматы әкімі Қала құрылысын бақылау басқармасына жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімін, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және құрылыс үдерістерінің ұйымдастырылуын тексеруді тапсырды. Әсіресе, көшелерді "қасбеттен қасбетке дейін" қағидаты бойынша кешенді көркейту жобаларына ерекше назар аударуды міндеттеді.

Сонымен қатар "Eco Almaty" ЖШС мен полицияға көркейту қағидалары бұзылған жағдайда, оның ішінде шаң-тозаң, құрылыс қалдықтары және жасыл желектің зақымдануына байланысты заң бұзушылықтар анықталса, әкімшілік шаралар қабылдау тапсырылды.

Әкімнің сөзінше, мердігерлер жұмыстардың сапасы мен дұрыс ұйымдастырылуына жауапты болуы керек. Дархан Сатыбалды көріктендіру қалалық ортаны жақсартуға бағытталуға тиіс екенін, тұрғындарға қосымша қиындық туғызып, қолданыстағы инфрақұрылым мен жасыл желекке зиян келтірмеуі қажет екенін мәлімдеді. Басқармалар тұрғындардың шағымдарына жай ғана жауап беріп қоймай, нақты шаралар қабылдауы қажет.

Алматы әкімдігі ұсынған материал