Қазақстан бойынша 120-дан аса теміржол вокзалын ауқымды реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жолы Tengri Travel еліміздегі ең ірі көлік тораптарының бірі – Алматы-1 вокзалындағы жағдайды тексерді. Ұзақ уақыт бойы жолаушылар вокзалдағы өзгерістерді аса байқай қоймаған. Тілшілер нысанға барып, жұмыстың барысын бағалап, жобаның қашан аяқталатынын білді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кей өңірлерде тозығы жеткен 37 вокзалды бұзу жоспарланып отыр. Алайда Алматыда мұндай түбегейлі шара қарастырылмаған.
"Вокзал сүрілмейді. Жүргізілген техникалық тексерулердің қорытындысы бойынша ішінара реконструкция жасау туралы шешім қабылданды", – деп жауап берді компания өкілдері.
Сондай-ақ, ҚТЖ жобалау барысында сметаға түзетулер енгізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл техникалық шешімдер мен жұмыс көлемінің нақтылануына байланысты.
Компания жалпы ауданы 17 166 шаршы метр болатын жаңартылған вокзалдың қандай болатынын көрсетті:
Ел бойынша вокзалдарды жаңғырту бағдарламасы 2025 жылғы сәуірде басталған еді. Алайда ұзақ уақыт бойы жолаушылар елдегі ең ірі нысандардың бірі — Алматы-1 және Астана-1 вокзалдарында белсенді жұмысты байқай қоймаған.
Бұған дейін ҚТЖ кей кезеңдерде жөндеу жүрмей жатқандай әсер қалдыруы мүмкін екенін түсіндірген еді. Компания мұны "көзге көрінбейтін инженерлік және дайындық жұмыстарының" жүргізілуімен байланыстырған.
Бұған дейін біз Астана-1 вокзалына барған едік, енді Алматыдағы вокзалдағы жағдайды тексеруді жөн көрдік. Ахуал өзгергені белгілі болды: Алматы-1 вокзалындағы жұмыстар қазір байқала бастады.
Ғимаратқа жақындағанда құрылыс ағаштары, қорғаныш торлары мен бірнеше метрлік қоршаулар бірден көзге түседі. Темір қоршау вокзал маңындағы алаңнан бастап автобус аялдамасына дейін созылып жатыр.
Біз барған кезде нысанда арнайы техникалар қызу жұмыс істеп жатты: автомұнаралар мамандарды шатырдың жоғарғы қабаттарына көтерсе, жұмысшылар крандардың көмегімен қасбеттің ескі қаптамаларын бұзып жатты.
Орталық кіреберіс қазір толығымен жабық. Құрылысшылар аумақты темір қоршаумен қоршап, "Көлік қоюға болмайды" деген ескерту белгісін қойған.
Жолаушылар касса залына кіру немесе пойыздарға шығу үшін уақытша өткелдерді пайдаланып жатыр. Жаяу жүргіншілер бағыты қоршауларды жағалай өтеді, ал бағытты табуға қызыл түсті нұсқағыш көмектеседі.
Перрондардағы жағдай біршама қалыпқа келгендей. Платформалар айтарлықтай жаңартылған. Ал 2025 жылдың қарашасында алматылықтар олардың сол кездегі күйін "бомбалаудан кейінгі жағдайға" теңеген еді.
Қазір жағдай өзгерген: жолаушылар пойызын жаңартылған перрондарда күтіп жүр, ал сатушылар бұрынғыдай әйгілі алматылық апортты вагондардың қасында сатып тұр.
"Қазақстан темір жолы" компаниясы жобаның қазір жобалау сатысында екенін, алайда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кеткенін хабарлады.
Сонымен қатар, компания реконструкцияның нақты аяқталу мерзімін айта алмады.
"Жобаны іске асыру мерзімдері бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес айқындалады. Жұмыстың басталуы мен аяқталуы сараптама аяқталғаннан кейін нақтыланады. Жүргізілген техникалық тексерулердің қорытындысы бойынша ішінара реконструкциялау туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады ҚТЖ-дан.
Дегенмен, бұған дейін ұлттық компания Қазақстандағы барлық теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасын 2026 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланғанын.
ҚТЖ Алматы-1 вокзалын жаңғыртудың нақты құнын жария етпеді. Ұлттық компанияның баспасөз қызметі кейінгі бюджет мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін ғана бекітілетінін түсіндірді.
"Жобаның жалпы құны индикатив және жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткен соң нақтыланады. Жобаны қаржыландыру ҚТЖ-ның өз қаражаты мен ел заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қарастырылған", – деп хабарлады ҚТЖ.
Конкурс нәтижесі бойынша мердігер ретінде "Заман Құрылыс" ЖШС көрсетілген.
ҚТЖ мәліметінше, сатып алу жұмыстары "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ сатып алу тәртібіне сәйкес жүргізілген. Ал "Самұрық-Қазына" сатып алу порталынан біз 8 067 784 997 теңге сомасындағы келісімшартты таптық.
Шарттарға сәйкес, мердігер инженерлік ізденістер мен конструкцияларды техникалық тексеруден бастап, ЖСҚ әзірлеу мен нысанды толықтай пайдалануға бергенге (дайын күйінде тапсыру) дейінгі барлық жұмыс кезеңін орындауға тиіс.
Техникалық ерекшелік топографиялық түсірілім, геологиялық ізденістер жүргізуді және ғимараттың жай-күйін тексеруді міндеттейді. Жоба Алматының бас жоспарымен үйлестірілуі, сондай-ақ, қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік, терроризмге қарсы қорғаныс және энергия тиімділігі талаптары ескерілуге тиіс.
Бұл ретте құжаттарда "ғимаратты сүру жұмыстарының минимал көлеміне" басымдық берілген.
2026 жылдың аяғына дейін "ҚТЖ" 120-дан астам теміржол вокзалын жөндеуді жоспарлап отыр. Ұлттық компанияның мәліметінше, олардың 37-сі апатты деп танылды – мысалы, Рудныйдағы Железорудная вокзалы бөлшектеліп қойған. Олардың орнына жаңа ғимараттар салу жоспарланып жатыр.
11 наурыздағы жағдай бойынша 36 вокзалда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, тағы 48-і аяқталу сатысында (85–95 пайыз дайындық).
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!