Алма жемісі, соның ішінде апорт сорты таулы аймақта жақсы өседі. Еңбекшіқазақ ауданында 7000 гектар алма бағы бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірақ, жергілікті шаруалар апортты жандандыруға асықпайды. Себебі коммерциялық жағынан алып алма бір жылда табыс әкелмейді. Мол жеміс алу үшін кемінде 5-6 жыл уақыт кетеді. Оның орнына фермерлер тез пісіп, жетілетін польшалық, италиялық алмаларды өсіргенді жөн санайды. Ауданда интенсивті бақ көлемі 2200 гектардан асады. Мәселен, былтыр жеке серіктестік 100 гектар бақтан 3 мың тонна өнім жинады. Биыл ауа райы салқын болып тұр. Сондықтан агротехникалық амалдарды уақытылы орындау керек.
"Қазіргі уақытта бақты химиялық өңдеп, ағашты зиянкестерден қорғайтын гербицит шашып, дәрілеп жатырмыз. Кешке от жағып, түтіндетеміз. Бұл бұрыннан келе жатқан әдіс. Түтін ағашты үсіп қалудан қорғайды. Болашақта апорт пен алмұртты өсіргіміз келеді" дейді агроном Жолтай Әбенов.
Ауданда өсірілген алманың 30 пайызы шетелге экспортталса, қалғаны ішкі нарықта қалады. Алма өсіремін деген шаруалар үшін мемлекеттік субсидия беріледі.
"Егер фермердің алма бағы 5 гектардан асатын болса ол инвестициялық субсидияға жүгіне алады. Жер көлеміне қарай шыққан шығынның 50 пайызға дейінін мемлекет субсидия ретінде қайтарады. Бұрын ауданда апорт алқаптары көп болатын. Алайда, қазіргі кезде оны өсірудің, шаруаларды қолдаудың нақты бағдарламасы жоқ. Сондықтан да апортпен ешкім айналыспайды", - дейді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Бименов.
Жалпы, еліміздің әр тұрғыны жылына 20 келі алма тұтынуы керек-ті. Осыдан бес жыл бұрын Үкімет "Апорт" бағдарламасын әзірлеген. Бірақ, оған тиісті қаражат бөлінбегендіктен бағдарлама жүзеге аспай қалды.
Саламат Сабыр