Көктем, жаз айлары басталысымен мұрныңыздан су ағып, түшкіріп мазаңыз кете ме? 22 жылдық тәжірибесі бар аллерголог маман Нұргүл Ештаева аллергиямен күресу жолдарын бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Аллергия - сыртқы және ішкі ортадағы белгілі бір заттарға сезімталдығыңыздың салдарынан иммундық жүйеңіз қарсы тұра алмай, реакция тудырады. Соның салдарынан көзіңіз, денеңіз қышып, жөтеліп, мазаңыз қашады. Ал бұл аллергияның негізгі симптомдары болуы мүмкін.
Аллергияның түрі өте көп. Мысалы, дәрі- дәрмектерге, өсімдіктерге, жан-жануарлардың жүндері мен шаң-тозаңдарға болуы мүмкін. Өзіңізді сізден артық ешкім білмейді. Сондықтан не нәрсеге аллергияңыздың барын анықтап көргеніңіз жөн немесе арнайы маманның көмегіне жүгініңіз" - дейді аллерголог Нұргүл Ештаева.
Аллергиядан емделудің стандарт жолдары бар.
1. Алдын алу. Маска тағып, көзілдірік киіп жүрсеңіз, сондай - ақ, аллергия тудыратын тағамдарды (перекресная аллергия) мейілінше тұтынбағаныңыз жөн.
2. Қатаң түрде, дәрігердің ұсынған препараттарын ғана қолдануды ұсынамыз.
3. Маусымдық аллергияның емі - ААИТ (Аллерген арнайы иммунотерапия) терапиясы. ААИТ аллергиялық аурудың асқынуын алдын алуға, аллергиялық спектрдің кеңеюін болдырмауға мүмкіндік береді. Дей тұрғанмен өз бетіңізше ем-дом қабылдамас бұрын аллергологтан кеңес алғаныңыз дұрыс. Себебі аллергияның түрі өте көп болғандықтан, соған сай, емдік шара да әртүрлі болмақ.
"Белгілі бір тағамға аллергияңыздың барын біле тұра, бір рет жесем ештеңе етпейді. Мен бұл тағамды көп жесем ғана аллергиялық реакция туындайды" деп қателеспеңіз. Бұл - миф! Аллергия созылмалы дерт болғандықтан, ағзаңызға жақпайтын тағамдар мен белгілі бір заттардан мәңгілікке бас тартуыңызға тура келеді" дейді маман.
Бұл - аллерголог маманның бір кәделеріңізге жарап қалар деген кеңестері. Денсаулығымыз өзіміздің қолымызда екенін ұмытпайық!
Айжан Дайрабаева
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!