11 желтоқсанда Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ алаңында баспасөз конференциясын өткізді. Баспасөз конференциясы барысында қызық жағдай болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сұрақ-жауап кезінде сөз алған журналистердің бірі әкімінің мақтауын асырған.
"Біздің Шымкент қаламыз сіз келгенге дейін бір үлкен ауыл сияқты дамып бара жатқан. Мегаполис дегенге өзіміз ұялатын едік. Сіз келгелі бері қала дамыған, шетелдегі мегаполистер сияқты. Тұрғындар қаламызды сондай көркейтіп, еңбек сіңіріп келе жатқан әкіміміз ертең басқа жаққа кетіп қалып, біз жетімсіреп қалмаймыз ба деп қорқады", - деді журналист.
Әкім бұл сауалға былай деп жауап қатты: "Маған дейін болған кісілер, менің әріптестерім барын салып қызмет еткен. Көп нәрсе істелінгенін өзіңіз жақсы білесіз. Әрине, бағаны халық береді. Президентіміз бізді тағайындады. Енді Президентіміз шешеді".
"Аллаға және Президентке рақмет, сізді бізге әкім қылып сайлаған", - деді журналист бұл жауапқа.
Айта кетейік, бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатыр: бірі журналистің әрекеті ұят болғанын айтса, енді бірі әкімнің, расында да, еңбегі зор екенін жазған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!