Қазір қоғамда қымыздың құрамына қатысты арыз-шағым көбейді. Бие сүтінің берекесін кетіргендер ұлттық сусынның құрамына "арақ" қосып сатады деген ел арасында сөз бар. Тіпті қымыз ішіп, полиция қызметкерлеріне ұсталып жатқандар да жоқ емес. Осы бір мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін біз Алматы қаласынан "қымызға ащы сусын қосып сатады" деген сауда орындарына барып көрдік. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Ұлттық сусынды ішкеннен кейін көлік жүргізуге болады ма? Қымыз ішкен адамда алкотестер қанша промилді көрсетеді? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
"Біздің тоңазытқышта тұрған қымыздар 2-3 күнде бітіп қалады. Үйдің қымызының 150-200 литрін бір-ақ алдырамыз. Адамдар той той-домалақтарға алады. Кейде бізден алып, қаланың орталығына апарып сататындар бар. Шымкенттен, Жетісайдан, Түркістаннан, Семейден, Тараздан тапсырыс береді", - дейді сатушы.
"7 жылдан бері қымыз сатумен айналысамыз. Арнайы қымызды бөлек балмен ашытамыз. Арнайы қымызды тонналап, 500 литр, 150 литрлеп алады. Үлкен сұранысқа ие. Бұл қымыз балмен ашытылады. Денсаулыққа өте пайдалы. Күштілігі жоғары болады. Үйдің қымызы 1500 теңге болса, тапсырыспен дайындалған қымыз 1900 теңге тұрады", - дейді сатушылар.
Алайда арада 10 минут өткенде алкотестер тағы да нөлді көрсетті. Демек көлік жүргізушілері үшін бір литр қымыз ішу қауіпсіз. Алайда ұлттық сусынның құрамына "арақ" қосылады дегеннен бе, әлде басқа бір себеппен наркологиялық орталыққа түскен адамдардың 90 пайызы "қымыз іштім" деген сылтау айтады екен.
"Қымызды дайындау кезінде спирттік ішімдік қоспайтын болса ол алкогольдік масаю шақырмайды. Бізге масаю жағдайында әкелген жүргізушілердің 90 пайызы "қымыз іштік" деп айтады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Егерде адам бір күнде 5-6 литр ішпесе алкотестер масаю деңгейін көрсетпейді. Масаю деңгейі 2020 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің 203 бұйрығы бойынша клиникалық белгілеріне және соматикалық, невралогиялық жағдайына қарай анықтаймыз", - дейді Наркологиялық қызмет жөніндегі директордың орынбасары Гульмира Абдыбаева.
Десек те қымыз ішкеннен кейін жағаны жайлауға жіберіп демалып, ем алып үйде болған жөн. Сондай-ақ ұлттық сусынды таңдау кезінде аса мұқият болған абзал. Қоғамда бие сүтіне бал қосып дәмін келтіргендер, су қосып сәнін кетіргендер де бар. Ал тәжірибеден кейін қымызға "арақ" қосып сататындар жоқ деп үзілді-кесілді айтуға келмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!