- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алкотестер көрсетті. Қымызға...
Алкотестер көрсетті. Қымызға "арақ" қосып сатады деген сөз рас па?
Қазір қоғамда қымыздың құрамына қатысты арыз-шағым көбейді. Бие сүтінің берекесін кетіргендер ұлттық сусынның құрамына "арақ" қосып сатады деген ел арасында сөз бар. Тіпті қымыз ішіп, полиция қызметкерлеріне ұсталып жатқандар да жоқ емес. Осы бір мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін біз Алматы қаласынан "қымызға ащы сусын қосып сатады" деген сауда орындарына барып көрдік. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Ұлттық сусынды ішкеннен кейін көлік жүргізуге болады ма? Қымыз ішкен адамда алкотестер қанша промилді көрсетеді? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Қазіргі қоғамда Менделеев ойлап тапқан ащы сусынға қарағанда қымызға сұраныс артқан. Сол себепті жылқы баққандардың саудасы жүріп тұр. Тіпті адамдар тонналап алады.
"Біздің тоңазытқышта тұрған қымыздар 2-3 күнде бітіп қалады. Үйдің қымызының 150-200 литрін бір-ақ алдырамыз. Адамдар той той-домалақтарға алады. Кейде бізден алып, қаланың орталығына апарып сататындар бар. Шымкенттен, Жетісайдан, Түркістаннан, Семейден, Тараздан тапсырыс береді", - дейді сатушы.
Сатушының сөзінен аңғарғандарыңыздай біз барған сауда орнында қымыздың үш түрі бар. Үйдің қымызы, бал қымыз және арнайы тапсырыспен дайындалатын қымыз. Бастапқы екеуінің қалай жасалатынын жіліктеп жеткізу қажет емес шығар. Күмәннің бәрі кейінгісінде болып тұр. Себебі арнайы дайындалатын қымыз сөреде тұрмайды. Сатушылар бізге беймәлім бөлмеден дайындап берді. Бағаларында да айырмашылық бар.
"7 жылдан бері қымыз сатумен айналысамыз. Арнайы қымызды бөлек балмен ашытамыз. Арнайы қымызды тонналап, 500 литр, 150 литрлеп алады. Үлкен сұранысқа ие. Бұл қымыз балмен ашытылады. Денсаулыққа өте пайдалы. Күштілігі жоғары болады. Үйдің қымызы 1500 теңге болса, тапсырыспен дайындалған қымыз 1900 теңге тұрады", - дейді сатушылар.
Құрамы күмәнді қымызды алып Алматы қаласындағы наркологиялық орталыққа бардық. Мемлекеттік мекемеден қымызды ішіп, алкотестер арқылы құрамында спиртті ішімдіктің бар-жоғын анықтау үшін сараптама жасап көрдік.
Бұл жерге күніне 250-300 адам наркологиялық тест тапсырса, оның 30 пайызында спирттік ішімдік ішкені анықталады екен.
Тәжірбиеге кірер алдында жарты литр қымызды сіміріп алдық. Алғашында басым ауырып, ішім қызып жатқандай күй кештім. Кейін масайраған адам секілді тілім күрмеле бастады. Тұла бойыма барлығы сезілсе де, алкотестер спирттік ішімдік ішпегенімді көрсетті.
Алайда тәжірибені тоқтатпадық. Қымызды бірден ішіп, алкотестерге үрлеп көруді жөн санадым. Нәтижесінде құрылғы ойланып 2,21 промилді көрсетті. Егер адам арақ ішетін болса бұл көрсеткіш 12 сағат сақталады екен.
Алайда арада 10 минут өткенде алкотестер тағы да нөлді көрсетті. Демек көлік жүргізушілері үшін бір литр қымыз ішу қауіпсіз. Алайда ұлттық сусынның құрамына "арақ" қосылады дегеннен бе, әлде басқа бір себеппен наркологиялық орталыққа түскен адамдардың 90 пайызы "қымыз іштім" деген сылтау айтады екен.
Наркологиялық қызмет жөніндегі директордың орынбасары Гульмира Абдыбаева.
"Қымызды дайындау кезінде спирттік ішімдік қоспайтын болса ол алкогольдік масаю шақырмайды. Бізге масаю жағдайында әкелген жүргізушілердің 90 пайызы "қымыз іштік" деп айтады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Егерде адам бір күнде 5-6 литр ішпесе алкотестер масаю деңгейін көрсетпейді. Масаю деңгейі 2020 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің 203 бұйрығы бойынша клиникалық белгілеріне және соматикалық, невралогиялық жағдайына қарай анықтаймыз", - дейді Наркологиялық қызмет жөніндегі директордың орынбасары Гульмира Абдыбаева.
Десек те қымыз ішкеннен кейін жағаны жайлауға жіберіп демалып, ем алып үйде болған жөн. Сондай-ақ ұлттық сусынды таңдау кезінде аса мұқият болған абзал. Қоғамда бие сүтіне бал қосып дәмін келтіргендер, су қосып сәнін кетіргендер де бар. Ал тәжірибеден кейін қымызға "арақ" қосып сататындар жоқ деп үзілді-кесілді айтуға келмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов