Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденгені және сақтады деп айыпталған П.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылдың қазан айында, П. тұрақты табыс көзі болмағандықтан, жеңіл түрде пайда табу үшін, адамдар тобының алдын ала сөз байланысуымен Телеграм канал арқылы 12,04 грамм мөлшерінде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденген, кейіннен өзінің басқаруындағы автокөлікте сақтаған. Сол күні патрульдеу барысында полиция қызметкерлерімен П.-ның басқаруындағы автокөлігі тоқтатылған. Тінту нәтижесінде автокөліктен 25 дана психотроптық заттар тәркіленген.
"Алқабилердің қатысуымен шығарылған соттың үкіміне сәйкес, П.-ның адамдар тобының алдын ала сөз байланысуымен аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденгендігі және сақтағаны дәлелденді. Сотталушының жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай анықталмады. Жеңілдететін мән-жай ретінде оның жасы (19 жас) танылды. Сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген үкімде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!