Алматы полицейлері әлеуметтік желілердегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, былапыт сипаттағы материалдар жариялаған екі блогерді жауапқа тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы полициясы Instagram-дағы парақшасында блогерлердің бейнероликтерінен үзінділер жариялады.
Желі қолданушылары бұл жағдайды пікірлерде қызу талқылап жатыр. Кейбіреулер мұндай контент сұраныс болғандықтан тарап жатқанын айтты.
Алматы қалалық Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Тимур Ноғайбаев әлеуметтік желілер көпшілікке ортақ кеңістік екенін еске салды.
"Әлеуметтік желіні пайдаланушылар жарияланған материалдардың мазмұны мен айтылған сөздері үшін әкімшілік қамауға алуға дейінгі жауапкершілік қарастырылғанын түсінуге тиіс", - деді ол.
Алматы полициясы блогерлерді, стримерлерді және әлеуметтік желі қолданушыларын қоғамдық тәртіп пен сөйлеу мәдениеті нормаларын сақтауға, әдепсіз материалдардың таралуына және балағат сөздердің айтылуына жол бермеуге шақырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!