Әлия Назарбаева мен Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасының әйелі Валентина Роговаға рейдерлік жолмен 170 миллион долларлық бизнесті басып алды деп айып тағылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
28 ақпанда Астанада Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихаты өтіп, қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Бимурзин журналистерге 2003 жылы экс-президенттің қызы өзінің ықпалын пайдаланып, құны 170 миллион АҚШ доллары болатын (2003 жылғы мәліметтер бойынша) бизнесін, жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю станциясын тартып алғанын айтты.
Нұрлан Бимурзин өз мәлімдемесінде 20 жыл бұрынғы оқиғаға да қатысы бар Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасының әйелін де атайды.
"ТПК Азия" ЖШС қожайыны Нұрлан Бимурзин Бас прокуратураға жолдаған арызында зардап шеккен тарап бірінші президенттің қызы мен Конституциялық кеңестің экс-төрағасының әйелін жауапкершілікке тартуды сұрайтынын айтты.
"Біз арыз жаздық. Қазір олардың тергеуге шақыруын күтіп отырмыз. Оның да, оның да үстінен қылмыстық іс қозғалуын сұраймыз", - деді Нұрлан Бимурзин.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!