- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлия Назарбаева Алматы...
Әлия Назарбаева Алматы маңындағы 500 гектар жерінен айырылды
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әлия Назарбаеваның Алматы маңындағы 502,5 гектар жеріне қатысты шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жамбыл ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі мен Назарбаева Әлия Нұрсұлтанқызының өкілі болып табылатын "Жандану" шаруа қожалығы арасында жасалған 2014 жылғы 15 қаңтардағы №4 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды", - делінген хабарламада.
Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 21 желтоқсандағы және 2013 жылғы 15 сәуірдегі №936 және №293 қаулысымен Әлия Назарбаеваның "Жандану" шаруа қожалығына жалпы алаңы - 488,5 гектар, оның 250,76 гектар суармалы егістік, 60,7 гектар егістік және 177,04 гектар жайылымдық жер 49 жылға; екінші учаскеде жалпы көлемі 14 гектар суармалы егістік жер 49 жылға жалға берілген. Жалпы, жалға берілген жер көлемі - 502,5 гектар.
2014 жылғы 15 қаңтарда "Жамбыл ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі мен Әлия Назарбаеваның "Жандану" шаруа қожалығы арасында №950 жер учаскесін сату шарты жасалып, жер телімдері біріктіріліп, берілген.
Талапкер "Жандану" шаруа қожалығына ұзақ мерзімді жалға және жекеменшік құқығына жер учаскесін беру кезінде жер заңнамасын бұзуға жол берілген деп санайды.
Азаматтық процестік кодексінің 117, 223-226 баптарын басшылыққа ала отырып, сот қаулысымен Алматы облысы прокурорының талап арызы қанағаттандырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек