- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлия Жүсіпова: Ұршық...
Әлия Жүсіпова: Ұршық жаттығуы үшін шағым түсірдік, бірақ ұпайымызды көтермеді
Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Жүсіпова Париж Олимпиадасында сынға түскен шәкірті Елжана Тәниеваның аяқ алысына баға берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Елжана Тәниева - өте еңбекқор спортшы. Ол өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысып, керемет әсер алып отыр.
Жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Бірақ ұршық жаттығуы үшін өте аз ұпай берді. Тәниева доппен жаттығуда өрескел қате жіберіп, допты қолынан түсіріп алды. Ал ұршық жаттығуын өте таза орындап шықты. Бір қызығы, төрешілер таза орындалған ұршық жаттығуына доптан да төмен ұпай берді. Мен бірден төрешілерге шағым түсірдім. Алайда олар шағымды қанағаттандырған жоқ. Неліктен мұндай төмен ұпай қойғанын түсінбедім.
Одан бөлек, жарысқа бір күн қалғанда бізде тағы бір жағдай болды. Елжананың таспасында Road to Paris деген жазу бар еді. Ұйымдастырушылар бір күн қалғанда мұндай жазуы бар таспамен жарысқа жіберілмейтінін айтты. Ал спортшылар үшін ұсталған, дайындалған құралмен өнер көрсету өте маңызды. Таңертең дүкеннен су жаңа таспа сатып алдық. Бірақ бұл таспа да жаңа болғандықтан, дұрыс ұшқан жоқ. Содан әлем чемпионы, италиялық София Рафаэллиден бір таспа сұрап алдық. Сол үшін рақмет айтамыз оған.
Елжананың өзі Олимпиададан керемет әсер алып отыр. 18 жастағы спортшы. Әлі Лос-Анджелес ойындарына дайындаламын дейді. Әлі таланты толық ашылмаған спортшы. Оның жан-жақты қырларын ашуға тырысып жатырмыз. Оны көрермендер үлкен ықыласпен қарсы алады. Қателіктерге келер болсақ, бәрі де қате жіберіп жатыр. Әлем чемпиондары, әлемде үздік үштікке кіретін гимнастар да қателесіп жатыр. Сондықтан Елжананың болашағына сенеміз", - деді Жүсіпова.
Айта кетейік, Елжана Тәниева Париж Олимпиадасындағы көпсайыс қорытындысы бойынша 13-орын алып, финалға өте алған жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан