- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алина «Хома» Ким:...
Алина «Хома» Ким: Бәріне ұнау мүмкін емес
ARU LIFE жобасының қонағы – TikTok-тың супержұлдызы Алина Ким. Оқырмандары сүйкімді қыздың аккаунтын позитивке толы контенті үшін жақсы көреді – оның парақшасында көптеген липсинк, бидің түр-түрі, челлендждер мен бүгінгі таңда кең таралған басқа да форматтар бар. ARULIFE жобасының серіктесі – Аltel ұялы байланыс операторы.
Миллиондаған қаралым мен интернеттің ең соңғы трендтері – блогер Хоманың шынайы өмірі қандай? Алинаның өмірі тек келісімшарттар, жаңа ұсыныстар және фанаттармен фотоға түсуден тұрмайтыны, оның танымалдылығының жағымсыз тұстары да бары анықталды.
«Жеке өміріме кедергі келтіреді. Әсіресе, жеке қалғым келіп, үйден шығып, алаңсыз серуендегім келетін кездері. Өмірімде шаршаған, ашулы, көңілсіз жүретін қиын сәттер болады. Бұл эмоцияларды серуендеп жүріп, шығарып тастағым келеді. Бірақ суретке түсейік, видео түсірейік деген өтініштеріне «жоқ» дегенді түсінбейтін адамдар бар. Алайда мен бас тартпауға барынша тырысамын. Өйткені кейде біреуге «жоқ» десем, олар маған қарғыс айтып, өзіме қайтып келеді, жайсыз жағдайға тап болуым мүмкін деп сенемін», - деп сырын бөлісті Хома.
Бұл ретте, хейтерлерді, яғни өздерінің өшпенділігін белсенді, ашық көрсетіп, қайта-қайта жағымсыз пікірлер мен пост жазатын әлеуметтік желі қолданушыларын блогер өз жұмысының жағымсыздау бір қыры деп қабылдайды.
«TikTok немесе Instagram-да емес, шынайы өмірде ол маған әсер етеді. Өйткені қаласаң да, қаламасаң да, естисің ғой. Ал желіде хейтерлердің әрекетін сабырмен қабылдаймын. Бәріне ұнау мүмкін емес екенін түсіндім. Егер әлеуметтік желілерде маған жағымсыз пікір жазылса, көңіл күйім түспек түгіл, ол туралы білмеуім де мүмкін. Себебі негативтің бәрі төмен жағында қалады. Ең жақсы пікірлер, лайк басылғандары лентаның жоғары жағына шығарылады, TikTok алгоритмдері сондай. Сондықтан төменгі жағындағы пікірлерді оқымаймын, жаман пікірлер екенін білемін. Ал Instagram-дағы пікірлерді мүлдем ашпаймын, өйткені онда мүлдем басқа аудитория, өзге контингент», - дейді блогер.
Сұхбаттарының бірінде Алина Ким бірнеше жыл бұрын барлық құрбыларының жігіттері болғанын, ал оған ешкім қарамағанын айтқан еді. Бойжеткен біреудің сүйіктісі болуды сезінгісі келген. Бірақ қазір блогерге өмірден толық ләззат алуға қауырт жұмысы мен уақыт тапшылығы мүмкіндік бермейді.
«Жүрегім әлі де бос. Ешкіммен кездесіп жүргенім жоқ. Мен үшін мінсіз ер-азамат қандай екенін айтар болсам, ол мені шексіз сүйетін, қамқор, 24/7 жанымда болуы керек. Ол жігіт маған қарағанда сабырлы, бірақ авантюрист, әзілге жақын. Меніңше, адамда мақсат болуы қажет, өмірін жақсы жаққа өзгертуге талпынуы керек. Молшылықта өмір сүріп, керегін сатып алып, саяхатқа шығып тұратындай, мені және болашақ жанұясын асырай алатындай жағдайға ұмтылуы тиіс», - дейді Алина.
Бойжеткен балалық шағының тәтті естеліктерін де бөлісті. Хоманың балалық шағы қос ағасымен бірге өткен. Оқушы кезінде әділдік үшін төбелесе кететін де әдеті болыпты.
«Мектепте мені жиі ренжітетін. Сондықтан қорғануды үйренуіме тура келді – кей кездері ұлдармен де төбелесіп қалатынмын. Соның кесірінен бірнеше рет басқа сыныптарға ауыстырды. Мектептегі төбелес үшін анамды мектепке шақырған кезде ол менің өзгеруім керегін айтушы еді», - дейді блогер.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамның үнемі шаршап жүру мен зорығу секілді проблемасына Алина Ким секілді көңілді әрі жайдары адам да душар болған.
«Еш нәрсеге зауқым соқпай, қатты шаршайтын кездерім бола ма дейсіз бе? Сабырлы болып көрінсем де, дәл қазір сондай жағдайды бастан кешіп жатырмын. Ол бір нәрсені күтумен байланысты шығар. Қазір жобаға түсіп жүрмін – мені таңғы сағат 5-те алып кетеді, кешке дейін түсірілімде боламын. Үйге келіп, бетімдегі бояуды жуып тастап, ұйқыға кетемін. Қазір күндерім осылай өтіп жатыр. Сериалға дейін дайындық жұмыстары кезінде бәрі басқаша болады деп ойладым. Түсірілімнен келіп, бетімдегі макияжбен бірден видео түсіріп тастап, монтаждап, ертеңге дайындап қойып, ұйықтаймын деп жоспарладым. Бірақ екеуін қатар алып жүру қолымнан келмей жатыр», - деп сөзін түйіндеді Алина.
ARU LIFE жобасының серіктесі - Аltel ұялы байланыс операторы. Аltel Қазақстанда 5G технологиясын белсенді дамытуда.
О. Сансызбай