- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алиментті қалай өндіріп...
Алиментті қалай өндіріп алуға болады?
Қазақстанда былтыр 9 мың отбасы ажырасқан. Ал Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 80 мыңнан аса алимент төлеуші бар, олар өз балаларына 14 миллиард теңгеге жуық қарыз болған.
Алиментті қалай өндіру керек? Бір балаға қанша төленеді? Қандай жағдайда әйелі күйеуінен алимент өндіре алмайды? Ерлер әйелдерінен, ал ата-аналар балаларынан алимент өндіре ала ма? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Заңының 5-бөлімінде алимент туралы егжей-тегжей жазылған.
Кім алимент ала алады?
Отбасы кодексіне сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Демек, ерлі-зайыпты ажырасуға шешім қабылдағаннан кейін бала кәмелет жасқа толғанша алимент төлеп, қамтамасыз етуі керек. Ал егер бала колледжде немесе ЖОО-да оқыса, онда алимент төлеу мерзімі бала 21-ге толғанша ұзартылады.
Заң бойынша, алимент балаға ғана төленбейді. Заңда "Ерлі-зайыпты бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті" деп жазылған. Мұндай жағдайда егер, ерлі-зайыптының бірі еңбекке жарамсыз, жүкті не бала туғанына 3 жылдан аспаса, мүгедек баланы бағып отырса, алиментке өтініш бере алады.
Бұдан басқа, біреудің қамқорлығында немесе патронат тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы.
Алимент өндіріп алу үшін не істеу керек?
Жеке сот орындаушы Асылхан Құрмаштың айтуынша, заңды түрде некені бұзбай-ақ екінші жұбайдан алимент алуға болады.
Бұдан басқа, алимент өндіріп алудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, процесті сотқа жеткізбей өндіріп алуға болады. Ол үшін екі тарап нотариусқа барып, алимент төлеу туралы келісім алу керек, одан басқа, екіжақты келісімді медиатор немесе адвокат арқылы да болады. Бұл жағдайда тараптар алимент мөлшерін, алу тәртібін өзара реттейді.
Егер келісім бойынша алимент төленбеген болса, алимент алуға құқығы бар адам сотқа арыз беруге құқылы.
Алиментті өндіріп алу үшін үйіңізден шықпай-ақ, екі жағдайда арыз беруге болады. Біріншісі Egov порталы арқылы мекенжайыңызға байланысты Сот сайтын тауып алып, сол жақтан тікелей арыз бере аласыз немесе Жоғарғы сот кабинеті порталы арқылы өтініш қалдыра аласыз.
Ол үшін:
- "Сот кабинетінде" тіркелуіңіз керек;
- Арыздың электрон үлгісін толтырасыз.
- Қызмет үшін мемлекеттік бажды төлеу туралы түбіртектің скан-көшірмесін тіркейсіз;
- Арызға қажет құжаттарды тіркейсіз;
- Оған ЭЦҚ арқылы қол қойып жібересіз.
Арызға қажет құжаттар тізімінде:
- Жеке куәлік (түпнұсқа және көшірме);
- Жауапкерлерге алимент алу құқығын растайтын құжаттар (тіркеу/некені бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі) және олардың көшірмелері.
Алимент мөлшері
Егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыпты арасында алименттерді төлеу тәртібі және мөлшері туралы келісім болса, онда іс жүзінде төлем де келісімге сай болады. Егер алименттерді төлеу туралы келісім болмаса, онда Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алиментті сот бекітеді.
Алименттер ай сайын ата-анасының еңбекақысынан немесе басқа табысынан мынадай мөлшерде төленуі керек:
- 1 балаға - (1/4) төрттен бірі;
- 2 балаға - үштен бірі (1/3);
- 3 және одан да көп балаларға - жартысы (1/2).
Айта кетейік, кейбір жағдайда осы алимент мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын ескерумен азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін.
Бұдан басқа, екі тарап келісімге келу арқылы тек ақшалай емес, сонымен қатар, мүлік те қалдыруға болады.
Алименттен жалтарғандарға қандай жаза қолданылады?
Жеке сот орындаушының айтуынша, алимент төлемей қашып жүрген ата-ананың шоттары бұғатталады, оған елден шығуға тыйым салынады, жүргізуші куәлігінен айырылады, нотариат іс-әрекеттерге тыйым салынады. Ал қасақана алимент төлеуден жалтарса, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде үш айдан аса алимент төлемегендерге 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру сынды жаза қарастырылған.
Ал алимент төлеушінің жұмыс орны болмаса, онда алимент өндірілмейді.
Ерлер әйелдерінен, ата-аналар балаларынан алимент өндіре ала ма?
Жеке сот орындаушының айтуынша, ерлер де әйелдерінен алимент өндіреді. Алайда мұндай жағдай сирек кездеседі. Бұдан басқа, ата-анасы зейнетке шықса, ал бала кәмелет жасқа толып, жұмысқа орналасса, онда ата-ана баладан алимент алуға құқылы.
Сондай-ақ, баланың ата-анасының бірі алимент төлей алмаса, Кодекстің 152-бабына сәйкес, немерелер алимент төлеуге қажет қаражаты бар әжесі мен атасынан не аға-апаларынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек