- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әлихан Смайылов шетелден...
Әлихан Смайылов шетелден орынсыз қарыз алудың соңы немен бітетінін айтты
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов шетелден қарыз алу борыш жүктемесінің тәуекелін арттыратынын ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қаржы саласындағы басты проблема - бюджеттің тұрақты тапшылығы.
"Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақ мерзімді жоспар қажет", - деді Әлихан Смайылов Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Төраға Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік құқықтық база тұрақтылықты қажет ететінін атап өтті.
"Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд доллар дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз", - деді ол.
Әлихан Смайылов шетелден орынсыз қарыз алудың салдары болатынын атап өтті.
"Қарыз алу құралын кеңінен қолдану да борыш жүктемесінің тәуекелін арттырады. Қазірдің өзінде борышты өтеу және қызмет көрсету шығыстары бюджеттің барлық түсімдерінің 17%-дан астамын құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, он жыл бұрынғы борыштарды төлеудің басым көлемінің жүктемесі 2024-2025 жылдарға түседі.
Борыш тұрақтылығының ағымдағы жай-күйін сапалы бағалауды қамтамасыз ету үшін базалық көрсеткіштер тізбесін кеңейту маңызды. Қарыз қаражаты индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуға тиіс. Мұндай жобалар табысты генерациялау керек", - деді төраға.
Ол салық базасын арттыру үшін де резервтер барын жеткізді.
"Ол үшін салықтық әкімшілендіруді күшейтетін тиімді шаралар қабылдап, жекелеген салықтық жеңілдіктердің қолданылуын қайта қарау қажет. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылы әкімшілендіру есебінен бюджет 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсімдермен қамтамасыз етілген, ал Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш төрттен бір бөлікке аз", - деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата МКК-нің әкімшілендіру жұмысын бағалау үшін оның нақты нәтижесін толық әрі объективті түрде ашып көрсететін жеке есептіліктің қажет екеніне назар аударады.
"Салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне толыққанды талдау әлі де жүргізілмейді. Салықтық бақылау шаралары салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды негізсіз қолдану фактілерін анықтауға бағдарланбаған. Сондықтан бюджет кірістерінің түспеуіне алып келетін салықтық жеңілдіктерді пайдалану тиімділігіне толыққанды талдау жүргізуді регламенттеп, оны Парламенттің ашық талқылауына ұсынуды қажет деп есептейміз", - деді төраға.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен