Премьер-министр Әлихан Смайылов ауруханаға барып, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші қажетті ем алып жатыр.
Пациенттер әртүрлі аппараттарды, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ, түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді.
Олардың көбі газбен уланған, алайда барлығының жағдайы - тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Премьер-министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
"Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін", - деді Әлихан Смайылов.
Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрады.
"Бұл - шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз", - деді премьер-министр.
Еске салайық, Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 32-ге жетті.
ТЖ министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Бас Прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Енді "АрселорМитталТеміртау" Қазақстан пайдасына берілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!