Әлихан Смайылов Қорғаныс министрлігінде жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берді

Әлихан Смайылов Қорғаныс министрлігінде жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудит туралы есеп берілді.

Ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Осы мақсатта мемлекеттік аудит жүйесінің жетекші мамандарынан, сондай-ақ, IT және байланыс саласы сарапшыларынан арнайы топ жасақталған.

Аудит аясында Қарулы күштер қызметінің барлық негізгі бағытындағы ахуалға баға беріледі. Әскери бөлімшелердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның даярлығы, әскери оқу-жаттығу жиындары өткізілуі, әскери инфрақұрылымның дамуы, қару-жарақ пен техниканың жаңғыруы, цифрлық жүйелер ақаусыз жұмыс істеуі - түгел тексерілмек.

Президентке мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырысына жүргізілген аудит нәтижелері таныстырылды. Жоғары аудиторлық палата тексеріс қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін Үкіметке және салалық мемлекеттік органдарға 57 нақты ұсыным мен тапсырма жолдады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына экономикалық даму мен әлеуметтік саланың басым бағыттарын қамтитын жоспарлы аудиторлық тексеріс барысы баяндалды.

Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Астанада өткен Азия жоғары аудит органдары ұйымы басқарма кеңесінің 63-отырысының қорытындысы туралы айтты. Жиынға 19 елдің өкілі қатысқан. Мұндай форматтағы іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Кездесу соңында Президент Қорғаныс министрлігінде аудит жүргізуге және тұтас мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget