Әлихан Смайылов бюджетке 335 миллиард теңге түспей қалғанын айтты

Бюджет тапшылығын қысқарту жөніндегі жоспарды орындау қиынға соғуы мүмкін. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлихан Смайыловтың cөзінше, ЖІӨ болжамы 9 триллион теңгеге асыра орындалғанына қарамастан, бюджетке 335 миллиард теңге түспеген.

"Бұл жоспарлаудағы кемшіліктер мен салық түсімдерін шамадан тыс оптимизммен болжау салдарынан болып отыр", - деді ол.

Оның айтуынша, есептеуде шамадан тыс параметрлер мен әдістемеде көзделмеген қосымша түсімдер жиі қолданылады.

Әлихан Смайылов асыра көрсетілген болжам алдағы жылдары салық базасы қысқаруына әкеп соғатынын айтты.

Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша 2025 жылы бюджетке 2026 жылға тиесілі 154 миллиард теңге көлеміндегі төлем аударылған. Сонымен қатар, мемлекет салық төлеушілерге 900 миллиард теңгеге жуық қосылған құн салығын қайтармаған. Палата төрағасының айтуынша, мұндай шаралардың өзі бюджеттің кірісі мен шығынын теңестіруге мүмкіндік бермеген.

"2025 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған 244 миллиард теңге бөлінбеген және едәуір кредиторлық берешек қалыптасқан", - деді ол.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов бюджет тапшылығы әлі де айтарлықтай жоғары екенін айтты. Оны қысқарту жоспарлары қабылданғанымен, аудиторлар олардың орта мерзімді перспективада іске асуы екіталай деген пікірде.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!