Әлихан Смайылов Бекетаевтың ісіне қатысты жаңа деректер айтты

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев Жоғары аудиторлық палата тексеріс жүргізгеннен кейін ұсталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2023 жылғы мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес Жоғары аудиторлық палата әділет министрлігі мен оның құрамындағы ұйымдардың республикалық бюджетті кейбір бюджеттік бағдарламалар бойынша қалай қолданғанын тексеру үшін аудиторлық шаралар өткізілді. Біз шығарған шешім Антикорға беріліп, осы іске қатысты кейбір тұлғалар ұсталды", - дейді Әлихан Смайылов. 

Ол Бекетаевтың нақты не үшін ұсталғанынан бейхабар екенін, бірақ Жоғары аудиторлық палата тексеріс жүргізіп, нәтижесі антикорға берілгені факт екенін атап өтті. 

Бекетаевтың ісі

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ісіне қатысты деректер құпия. 

Министр 2023 жылдың қазан айында қамауға алынған. Күні бүгінге дейін қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Бекетаевқа "үлескер компаниялардың мүддесін қолдап, мемлекетке ірі көлемде шығын келтірді" деген айып тағылып отыр.

Оған қоса, ол Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару тапсырмасын орындау барысында өкілеттілігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз