Әли Хаменеидің қазасы: Иранды уақытша кеңес басқарады

Әли Хаменеидің қазасы: Иранды уақытша кеңес басқарады
Фото: depositphotos.com

Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін елді үш адамнан тұратын кеңес уақытша басқарады. Бұл туралы Иранның бірінші вице-президенті Мұхаммад Мохбер мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі IRNA агенттігіне сілтеме жасап. 

Иран президенті, сот билігінің басшысы және Күзетшілер кеңесінің факихтерінің бірі кейінгі өтпелі кезеңге жауапты болады.

Агенттіктің хабарлауынша, ел конституциясының 111-бабына сәйкес, аятолла қаза тапқаннан кейін Сарапшылар кеңесі мүмкіндігінше аз уақытта жаңа жоғарғы көшбасшыны айқындап, ұсынуға міндетті.

28 ақпанда Израиль қорғаныс армиясы Иранға соққы жасады. Тегеранда бірнеше жарылыс болды. Бұған дейін Тегеран қалалық кеңесінің мүшесі Мейсам Мозаффара АҚШ пен Израиль соққылары кезінде Хаменеидің күйеу баласы мен келіні қаза тапқанын растаған. Жарияланған спутниктік суреттерде Хаменеидің резиденциясы толықтай қирағаны көрінеді. Сондай-ақ, Қорғаныс кеңесінің хатшысы, адмирал Әли Шамхани мен Ислам революциясы сақшылары корпусының бас қолбасшысы, генерал-майор Мұхаммад Пакпур да АҚШ пен Израильдің Тегеранға жасаған шабуылы салдарынан қаза тапты.

Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің 28 ақпанда таңертең Тегерандағы резиденциясындағы жұмыс орнында қаза тапқаны туралы ақпаратты Fars, Tasnim, IRNA, ISNA және Mehr агенттіктері таратты. Хабарламаларда оның қаза тапқан сәтте өз кабинетінде болып, қызметтік міндеттерін атқарып отырғаны айтылған. Республика үкіметі 40 күндік аза тұту мен 7 күндік мемлекеттік демалыс жариялады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget